Белгілі театр және кино актері Андрей Мягков 83 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Чехов атындағы Мәскеу көркем театры баспасөз қызметі естіртті, - деп хабарлайды tengrinews.kz РИА Новости басылымына сілтеме жасап.
Театр және кино актері, режиссер, РКФСР Халық әртісі Андрей Васильевич Мягков 1938 жылы 8 шілдеде Санкт-Петербургте дүниеге келген.
Актер 1975 жылы Эльдар Рязановтың "Ирония судьбы, или С легким паром" фильмі шыққаннан кейін танымал атанған. Сондай-ақ, Мягков Рязановтың "Служебный роман" (1977) комедиясындағы Новосельцевтің ролімен көрермендердің есінде қалды.
Мягковтың кинодағы соңғы жұмыстарының бірі - Сергей Овчаровтың "Сказка про Федота-Стрельца" (2001) фильміндегі патшаның ролі, "32 декабря" кинокартинасындағы басты роль және басқалары. Ол Тимур Бекмамбетовтың "Ирония судьбы. Продолжение" және Евгений Герасимовтың "Туман рассеивается" сериалына да түсті.