Атырау, 13 қазан 03:17
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

​Жүргізушіде жеке куәлік болуы міндетті

Сурет
3 168 просмотра

Белгілі болғандай, Қазақстанда 13 ақпаннан бастап жүргізушілер көлік жүргізу куәлігі мен көлікке қатысты басқа да құжаттарды алып жүруге міндетті емес. Осыған байланысты атыраулық полиция қызметкерлері  бұл жаңалықты түсіндіру мақсатында рейдке шықты.

Атырау полиция басқармасының жол-патрульдік рота командирі Жеңіс БОЗАЕВТЫҢ айтуынша, жүргізушінің жанында жеке куәліктің түпнұсқасы болуы міндетті - бұл не жеке куәлік, болмаса төлқұжат. Мысалы, студенттік билет пен қызметтік куәлік жарамайды.

- ЖСН нөмірі бойынша біз жүргізуші туралы толық деректі арнайы мәліметтер базасынан тексереміз – онда барлық ақпарат бар: жүргізуші куәлігі, сақтандыру полисі, техникалық байқаудан өткені, төленбеген айыппұл туралы, - дейді Бозаев.

Бұрын ІІМ атап өткендей, қабылданған түзетулер шетелдік нөмірлі автокөліктерге, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерде көлік жүргізуге рұқсат алған жүргізушілерге қолданылмайды.

- Бізде сары нөмірлі, яғни тіркелген «армян» көліктері көп. Оның иелері көлік құжаттарын өздерімен бірге алып жүруі керек пе?

- Сары нөмірі бар жүргізушілер үшін жеке куәлік жеткілікті, өйткені олардың мәліметтері «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінде» бар. Егер көлікте армян нөмірі тағылып, жүргізушісі Қазақстан азаматы болса, онда жеке куәлікпен қатар көліктің техникалық төлқұжаты да қажет. Егер қазақстандық нөмірлі көлікті шетелдік азамат жүргізетін болса, онда тек жүргізуші куәлігі жарайды.

- Ал егер, мысалы, полиция көлікті далалықта немесе Интернет жоқ басқа жерде тоқтатса?

- Интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ елді мекендерде және автомобиль жолдарында тексеру радиобайланыс арқылы жүзеге асырылады.

Рейдке қайта оралайық. «Мұрагер» базарының маңында полиция жасы үлкен адам басқарған Renault Duster көлігін тоқтатты. Бір қызығы, ол бұл жаңалықты мүлдем естімеген:

- Бұл жүргізушілерге өте ыңғайлы, бірақ мен ескі әдет бойынша барлық құжаттарды өзіммен бірге алып жүремін. Айтпақшы, көп жылдан бері мен айыппұлға ілінгенім жоқ.

Бозаев планшет арқылы деректерін тексерді – расында да, мойнында айыппұл жоқ.

Келесі көлік - армян нөмірін таққан Toyota. Жол полициясының инспекторы жүргізушіден техникалық төлқұжат пен жеке куәлігін көрсетуді өтінді. Құжаттары түгел екен. Базадан  тексергенде, жүргізушінің мойнында төленбеген айыппұл бар екені анықталды. Төлеуі керек екені ескертілді, әйтпесе келесі жолы автокөлік айып тұрағына жіберіледі.

Ал, тағы бір армян нөмірі бар келесі Toyota жүргізушісінің өзімен бірге жеке куәлігі мен тіркеу куәлігі болмай шықты. Жас жігіт 13 ақпаннан бастап ешқандай құжат алып жүрудің қажеті жоқ деп ойлаған. Полиция оған түсіндіріп, бұл жолы ескерту жасады.

Еске сала кетейік, жеке куәлікті үйде ұмытқан жүргізушіге (егер армян нөмірі болса, техникалық төлқұжаты) біріншісінде ескерту беріледі, екіншісінде 5 АЕК (14 585 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

17 ақпан 2021, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.