Атырау, 13 қазан 03:20
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Ауыл клубындағы наразылық жиыны

Сурет Бейнежазба
2 636 просмотра

Индер ауданы Аққала ауылының тұрғындары «EcoTechnics» ЖШС-не қосымша жер берілуіне қарсы шықты. ЖШС ауылдан 6 км жерде мұнай қалдықтарын өңдеп тазартумен айналысады. Мәдениет үйінде болған жиында тұрғындар полигонды жауып тастасын деген пікірлерін ашып айтқан болатын. Өйткені ЖШС келгелі мал өліп, жер бүлініп, экологиялық зардапқа ұшыратып жатқанын тілге тиек етті.

Өндіріс қалдықтарын зарарсыздандыру және тазартумен айналысу үшін ЖШС 2011 жылғы 15 ақпанда аудан әкімі шешімімен 7,8 гектар жер телімін 5 жылға жалға алған. Сол жылдары да тұрғындар наразылық білдірген. Сол кездегі Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН «АЖ» тілшісіне берген комментарийінде «Бұл алаң Жайық өзеніне тым жақын орналасқан. Кезінде мамандар мен экологтар қайда қарағанын білмеймін. Ал келісім шарт мерзімін ұзартуға қарсылық танытатынымыз анық» деген болатын. 2016 жылы жер телімін жалға алудың 5 жылдық мерзімі өтіп, кейін тағы ұзартылды.

Мәдениет үйінде өткен тұрғындармен басқосу жиынын ашқан Елтай округінің әкімі Олжас ХАСАНОВ «EcoTechnics» ЖШС-нің қосымша 10 гектар жер сұраған өтінішін талқыға салды. «EcoTechnics» ЖШС-нің қоқыстармен қатынас кешенінің басшысы Тимур АКАЖАННЫҢ слайдпен жұмыс барысын таныстыруын тұрғындар селқос тыңдап, бірден сұрақтың астына алды. Т.Акажанның айтуынша, ластанған топырақ Батыс Қазақстан облысының Сахарный деген жердегі «ҚазТрансОйл» мекемесінен тасып әкелінуде. Осы жерде топырақ өңделіп, енді қосымша жер қажеттігі сезілген. Бұл сөз тұрғындардың қарсылығын тудырды.

- Ауыл маңында мал жайылатын жер қалмауда. Мал сол алаң маңында жайылатын, енді ол жер бос емес. Бір жағымыз «Атырау-Орал» трассасы, одан әрі «Бағырлай» каналы тұсы. Онда егіншілер егін егуде. Сонда, малымыз қайда жайылады? - дейді зейнеткер Гүлжамила ИБРАШЕВА.

- Біз бұл кәсіпорынға жер беруге түбегейлі келіспейміз. Жер біз үшін қымбат, тіпті бұл алаңды басқа жерге мүлдем көшірсін, - дейді Қуаныш ТІЛЕГЕНОВ, Боранбай ҚАМИЕВ, Еркін РАХИМОВ. - Жерді неге сол Батыс Қазақстан облысынан алмайсыздар? Неге 300 шақырым жерден тасисыңдар? Тал егеміз дедіңдер. Ал сол тал қайда? Бәрі өліп қалды ғой.

Бұдан кейін де бірнеше адам ашық түрде қарсылығын білдірді. Содан кейін тұрғындар наразылықтарын жазып, хаттама толтырып, қол қойды.

Кейін біз ауыл тұрғындарымен бірге «Қызылтұмсық» учаскесіндегі «EcoTechnics» ЖШС-і орналасқан алаң маңына бардық. Алаң қоршалған. Ал қоршаудың сыртында тау болып үйілген топырақ жатыр.

- ЖШС алынбаған жерге топырақты үйіп қойып, енді жер сұрап отыр, - дейді Аққала тұрғыны Жамбыл ҚАРАБАЛИН. - Қоршаудың сыртындағы жерлерді бүлдіріп, таптап, қазып тастаған. Бұл маңға өсімдік те шықпайтын болды, кезінде мал жайылған өріс еді. Ауыл адамдарының малы өліп жатыр. Осы маңнан үш жылқы, бір сиырым өліп қалды.  

Енді аққалалықтар бұл жерден «EcoTechnics» ЖШС мүлдем көшіруге жұмыстанатынын жеткізді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

16 ақпан 2021, 22:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.