14 ақпанда Атырау-Доссор трассасында әкімшілік полицияның екі қызметкері ұсталды. Оларды есірткі қылмысымен күрес басқармасы мен Атырау облысы ПД Ішкі қауіпсіздік қызметі басқармасының қызметкерлері ұстады.
Бұл әлеуметтік желіде таралған бейнежазба: алдымен өзін ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысымын деп таныстырған Төлемісов ұсталғандардың «Мұнда не болып жатыр, түсіндіріп бере аласыз ба?» деген сұрағына: «Тергеу әрекеттерін бастаймыз» деп жауап береді. Ал келесі бейнежазбада олар мотоцикл дөңгелегін кесіп, ішінен ерекше иісі бар жасыл түсті затты шығарады.
Біздің полициядағы дереккөздің айтуынша, табылған зат есірткілік зат, яғни, марихуана. Сондай-ақ, ұсталғандардың Атырау облысы бойынша ПД Әкімшілік полиция басқармасының техникалық қадағалау бөлімінің қызметкерлері екені белгілі болды. Олар 36 және 38 жастағы полиция майоры мен капитан.
Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-тармағы («Лауазымды адамның қызмет бабын пайдалана отырып, есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз иемденуі, сақтауы, тасымалдауы») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сәл кейінірек бұл фактіге Атырау облысы ПД ішкі қауіпсіздік қызметі басқармасының бастығы Ерген ТӨЛЕМІСОВ комментарий берді:
- 14 ақпанда ҚҚБ қызметкерлері Атырау-Доссор трассасында тыйым салынған заттармен заңсыз жұмыс істегені үшін екі полиция қызметкерін ұстады. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айнұр САПАРОВА
Әлеуметтік желідегі бейнежазба