Атырау, 22 желтоқсан 12:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

«Фермерді өлтіру туралы іс»: үш туыс айыпталуда

3 658 рет қаралды

"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет

Жылыой ауданындағы мал бағатын Нұралы НҰРТІЛЕУОВТІҢ кісі қолынан қаза табуы тек қана Атырау облысын емес, барлық Қазақстанды шулатқан болатын. Жарты жыл уақыт өткеннен кейін, тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жетті. Сотталушылар орындығында – әкесі мен баласы және сол үйдің туысы болып келетін малшысы бар. Сұмдық қылмыс туралы толығырақ – «АЖ» материалында.

Өткен жылдың 6 қыркүйегінде Жылыой ауданының 47 жастағы тұрғыны, «Боздақ» ШҚ иесі Нұралы НҰРТІЛЕУОВ өзінің жоғалған жылқыларын іздеп, мотоциклмен қырға шығып, өзі жоғалып кеткен. Жоғалған ер адамды полиция қызметкелері мен Төтенше жағдай Департаментінің мамандары, жерлестері мен еріктілер іздеген. Жоғалған күні-ақ оны бұған дейін Нұртілеуовтер отбасына қоқан-лоқы жасаған жергілікті барымташылар өлтіріп тастады деген қауесет тараған болатын.

Олардың пікірінше, іздеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына ашуланған Нұралының туыстары аудандық әкімдіктің алдына жиналды. Осыдан кейін полицияда ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша қылмыстық істің қозғалғанын айтты. Атышулы қылмыстық істі ашуға көмектесу үшін облыс орталығынан тәжірибелі тергеушілер келді.

Өкінішке орай, қауесет рас болып шығып, арада бір апта өткеннен кейін, 14 қыркүйекте Нұралының денесі айдаладағы терең құдықтан табылды. Кейін марқұмның туыстары айтқан осы іске күдікті адамдар ұсталды. Олар – 53 жастағы жергілікті тұрғын, оның 21 жастағы ұлы және 38 жастағы малшысы қамауға алынған. Туыстарының айтуынша, олар үнемі мал ұрлығымен айналысатын. Айта кету керек, Маңғыстау облысының тумасы - шопан осыған дейін де бірнеше рет сотты болып, шартты жазамен бостандықта жүрген.

ОНЫ ҚАЛАЙ ӨЛТІРГЕН

Сотта қаралып жатқан қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, 6 қыркүйек күні күдіктінің ұлы Қырықмылтық елді мекені маңында орналасқан қыстағына малдарын тексеру үшін барады. Кейін кешке қарай осы қыстаққа Нұралы Нұртілеуов келіп, күдіктінің малшысына өзінің құлынын іздеп жүргенін айтады. Малшымен сөйлесіп тұрған кезде Нұралы қыстақтың қорасында тұрған екі құлынды көріп, бір құлын өзінікі болуы мүмкін екенін айтып, жылқыларын әкеліп, құлынды үйірге қосып қарайтынын айтқан. Кешке жылқыларын қыстаққа әкелген кезде, күдіктінің жылқылары үркіп, қаша бастайды. Бұған малшы ызаланып, екеуі сөзге келіп қалады. Сондай-ақ, Нұралы малшыдан қораны ашып, құлындарды көрсетуді сұрайды. Алайда оған малшы келіспей, Нұралы қораны өзі ашпақ болғанда, малшы әуелі оны ұрып тастайды. Содан соң аңшылық мылтығымен Нұралыны екі рет атады. Бірінші оғы тимей, екінші рет жақындап келіп, жүрегінен атқан. Осыдан кейін ол қаруды патронымен бірге өртеп жібереді.

Мәйітті тексерген кезде оқ Нұралының кеуде клеткасының сол жақ бөлігіне тиіп, қабырғасын сындырып өтіп, жүрегін және сол жақ өкпесін жарақаттап, арқасының оң жақ бөлігінен шығып кеткені анықталды.

ҮШ СЫБАЙЛАС

Нұралының жылқыларынан үркіп, жан-жаққа қашып кеткен жылқылардың артынан кеткен күдіктінің ұлы қыстаққа қайтып келіп, өліп қалған Нұралыны көреді. Осыдан кейін малшы мен 21 жастағы жігіт ақылдасып, Нұралының мүрдесін көлікке тиеп, қырға қарай әкетіп, ескі су құдығына лақтырып тастайды. Осының бәрін ұлы әкесіне хабарлайды. Әкесі қыстаққа КамАЗ-бен келіп, қылмыс ізін жасыру үшін марқұмның мотоциклін тиеп, алып кетеді.

Қазір қамауға алынған үшеу тергеу изоляторында отыр. Малшыға қатысты ҚР ҚК 99- бабы («Адам өлтіру»), әкелі-балалыға ҚР ҚК 432 («Қылмысты жасырып қалу») және 434-баптары («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Облыстық сот хабарлағандай, сот ісі басталды. Ол Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, малшы 15 жылға дейін қатаң режимдегі түрмеге қамалатын болса, әкелі-балалы әр бап бойынша 6 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылулары мүмкін.

Бұл қылмыстық іс Атырау облысындағы барымташыларға қатысты алғашқы резонансты іс болды. Мүмкін, осы істің үкімінен кейін, бөтеннің мүлкін ұрлауға құмартқандар тынышталар. 

Фархат ӘБІЛОВ

11 ақпан 2021, 22:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.