Бүгін, 18 қаңтарда Атырауда жаңа туған баланы алдын-ала сөз байласу арқылы өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталды орталық дәрігерлеріне сот үкімін жариялады.
Сот оларды кінәлі деп танып, перинаталды орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВТЫ 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАНДЫ - 16 жылға, акушерка Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВАНЫ - 15 жылға бас бостандығынан айырды. Неонатолог-дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАМБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығы шектелді.
Үкім шығарған кезде олар қабылдаған «Гиппократ антын» бұзғанын сот айыпталушылар үшін ауырлататын мән-жай деп таныды.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа туған нәрестенің өлімі туралы іс сотта өткен жылдың мамыр айында бастап қаралды. Енді міне үкім шықты.
Айнұр САПАРОВА