14 қарашада №1 қалалық емханаға қаладағы мектеп оқушылары медициналық тексеруден өту үшін жиналды. Бірақ ешқандай «әлеуметтік қашықтық» сақталмады.
8, 9, 10, 11-сынып оқушыларын анализ тапсырып, медициналық тексеруден өтуге осы емханаға шақырды. Карантин кезінде бір уақытта көп адамды осылай жинағанына ата-аналардың өздері наразы болды.
- Біздің директор мен шенеуніктердің логикасын түсінбеймін. Балалар қауіпсіздік мақсатында қашықтан оқып жатыр ғой, ал енді жасап отырғандары мынау. Кеше оқушыларға емханаға міндетті түрде келу керектігін хабарлады. Ұлым сонда кеткен, дәліздегі топталған адамдардың суретін жібергенде қатты шошыдым. Ол инфекция жұқтырып алды-ау деп күдіктенемін, енді ПТР тест тапсырамыз, - дейді оқушылардың бірінің ашуланған анасы.
- Медициналық тексеруді дұрыс ұйымдастырмағандықтан жабық орынжайда адамдар көп жиналды. Карантин талаптарын бұзу фактісі бойынша, атап айтқанда, арақашықтықты және пациенттердің санын сақтамауға қатысты емхананың бас дәрігерінің орынбасарынан әрі қарай әкімшілік шаралар алу үшін түсініктеме алынды, - деп хабарлады қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім бастығы Ернар АБУЛХАЙЫРОВ «АЖ»-ға.
Сәл кейінірек Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Асхан БАЙДУАЛИЕВ «медициналық тексеруді ұйымдастыруда қате жіберілді» деп мойындап, кінәлілердің жазаланатынын айтты.
Фархат ӘБІЛОВ
Әлеуметтік желіден алынған сурет пен бейнежазба