Атырау, 27 сәуір 02:51
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Қасым ханның жерленген орны болуы мүмкін

Сурет
4 312 просмотра

Атырау облысындағы өз дәуірінде үш мемлекеттің: Алтын Орда, Ноғай Ордасы және кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласынан ерекше қабірхана табылды. Оны археологтар тарихи деректерге сүйене отырып, ұлтымыздың ұлы тұлғасы — Қасым ханның жерленген орны болуы мүмкін деп болжап отыр, - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Археологтардың жаңалығын яғни Қазақ тарихындағы қабырғалы тұлға Қасым ханның жерленген орны деп болжанған қабірхананы көруге Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов те барды.

Тарихшылар Сарайшыққа Жәңгір хан Бөкейханұлының 1840 жылдары келіп, ұлы атасының басына белгі қойып, «хан моласы» аталатын жерді қоршатқанын айтады. Бірақ, аталған белгі өкінішке қарай, кейін жоғалып кеткен екен.

Былтыр атыраулық ғалымдар Ресей мұрағатынан Сарайшық қаласының көне естелік-сызбасын тауыпты. Орыстың зерттеуші-ғалымы Алексей Алексеев 1861 жылғы еңбегінде хан зираты орнын анық көрсетіп, «әулие-склеп» деген белгі қойыпты. Ол өзі барып көрген «ханская могиланы» күмбезді әрі еңселі кесене, 3 жағында терезесі ал, шығысында есігі бар деп сипаттаған. Археологтардың сөзінше, аталған деректер ашылып жатқан кесененің сұлбасымен дәлме-дәл келіп отыр.

Көне сарайшықтың ең дәуірлеген тұсы аталған тарихи тұлғаның билік құрған уақытына сәйкес келеді дейді тарихшылар.

«Соңғы жылдары табылған тарихи деректер де Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Ханның жерленген орнын анықтау мақсатындағы экспедициямыз жемісті болды деуге болады. А.Алексеевтің жазбасында айтылған мәліметтер мен қазылып жатқан қабірхананың сәйкестігі 99 пайыз»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар.

Қазіргі кезде кесененің құбыладан шығысқа қарай созылған 8 метрлік іргетасын қазып шығарылды. Ол терістікке қарай тағы 8 метрге созылады деп отыр. Археологтар оның ішіндегі сүйектерге де жетті. Оларды бүлдірмей алу үшін қабірхананың үстіндегі бертінде пайда болған зираттағы сүйектерді өзге жерге көшіру керек. Жергілікті имам мен зиратта жатқан марқұмдардың ұрпақтары тиісті рұқсатын берген.

Тарихшы Әбілсейіт Мұхтар негізгі жұмыс келер жылы басталып, мазар аумағын тазалауға кірісетіндерін айтты. Зерттеу жұмыстарына алдағы уақытта белгілі антропологтар, археологтар мен этнограф-ғалымдарды да тарту жоспарланыпты.

Аумағы 3 шаршы шақырым болатын көне қорымда тоқсаныншы жылдардан бастап жаңаша қарқынмен археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеу жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді.

«Археологтарымыз ел жадында жатталған тарихи тұлға Қасым ханның орны табылды деп жорамалдап отыр. Егер зерттеу, анықтау жұмыстары оны растайтын болса, ұлттық тарих үшін үлкен сілкініс болады деп ойлаймын. Ақжолтай ақпар алғаш шыққан кезде осы қазба жұмысының басында жүрген белгілі тарихшы Әбілсейіт Мұхтарды қабылдап, сөйлескен едім. Бүгін арнайы көруге келдім. Елбасымыздың қолдауымен, президентіміздің тапсырмасымен Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық тарихты түгендеу жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді. Содан бері тарлан тарихтың талай ақтандақ беттері ашылды», - деген аймақ басшысы ұлттық тарихтың даңқты дәурінің жаңа парақшалары көптеп ашылып, халықтың тарихи санасын жаңғыру үшін тиісті ведомствалармен ақылдаса отырып, қажетті қолдауларды жасайтынын жеткізді.

19 қазан 2020, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.