Атырау, 19 сәуір 18:26
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Туберкулез коронавирустың көлеңкесінде қалды

2 927 просмотра

Пандемия басталғалы туберкулезге шалдыққан науқастар саны едәуір азайды. Фтизиатрлар бұл «тыныштық» бір-екі жылда аурудың өршуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.

Туберкулезге қарсы бағдарламаның өзекті аспектілері Алматыда СПИД, туберкулез және безгекпен күресу жөніндегі ғаламдық қор грантының аясында ҚР Ұлттық фтизиопульмонология орталығы ұйымдастырған семинарда талқыланды.

- Соңғы 20 жылда туберкулезге қатысты жағдай айтарлықтай жақсарды. 1999 жылы Қазақстанда осы аурудан 6 мың адам көз жұмған болса, 2009 жылы - 3 мың, ал 2019 жылы – 350 адам қайтыс болған. Ауру жыл сайын 5-10%-ға азайып жатыр. Бірақ жыл басынан бері ауруды анықтау деңгейі 23%-ға төмендеді, бұл алаңдаушылық туғызады, - дейді ғаламдық қордың менеджері Шахимұрат ИСМАИЛОВ.

Әрине, карантин кезінде адамдар көп байланыста болмаған соң ауру жұқтыру мүмкіндігі аз болды деп болжауға болар еді, бірақ фтизиатрлар мұндай оптимистік көрініске сенбейді. Осы кезеңде адамдар емханаға сирек барғандықтан тексеруден өткен жоқ деген болжам әлдеқайда дұрысырақ болады.

Фтизиатрлар ентігу, әлсіздік және 2 аптадан ұзаққа созылатын дене қызуы тек коронавирус инфекциясының ғана емес, туберкулездің де белгілері болуы мүмкін екенін еске салады. Бұл ауру КВИ-ден кем түспейді. Оның үстіне, үнемі мутацияға ұшырап, дәрі-дәрмекке төзімді болып кетеді. Әлемде басқа жұқпалы ауруларға қарағанда туберкулезден қайтыс болатын адамдар саны көбірек. Бүгінде әлем тұрғындарының үштен бір бөлігі туберкулез микобактериясымен ауырады.

ЖҰҚПАЛЫ ЕМЕС ТҮРІН ҮЙДЕН ЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ

ДДСҰ стандарттарына сәйкес, егер елде 100 мың тұрғынға шаққанда 50 адам ауырса, бұл эпидемия болып саналады. Қазақстанда 2018 жылға дейін туберкулез эпидемиясы болды. Жалпы Еуропада туберкулезбен ауырғандар мен қайтыс болғандардың саны бойынша бұрынғы Кеңес Одағының елдері көш бастап тұр. Қазақстан мен ТМД-ның басқа елдерінде оның дәріге төзімді түрлері таралған.

Фтизиатрлар 2016 жылды бетбұрыс кезеңі деп атайды: дәл осы уақыттан бастап ДДСҰ ұсынған дәрі-дәрмектерге төзімді туберкулезді емдеу үшін Қазақстанда жаңа дәрі-дәрмектер, оның ішінде аз уақытта емдеуге мүмкіндік беретін қысқа мерзімді емдеу сызбасы енгізілді. Бұдан басқа, 2016 жылдан бастап туберкулездің жұқпайтын түрімен ауыратын науқастарды стационарларда емес, амбулаториялық жағдайда емдей бастады. Яғни, науқастар емханаға келіп, дәрі-дәрмектерін ішіп, өз шаруаларымен кете береді.

- Бұрын туберкулезбен ауырғандарды бірден ауруханаға екі жылға жатқызатын. Туберкулез үкім секілді еді, адам бірнеше жыл күнделікті тіршіліктен қол үзетін - оқи алмай, жұмыс істемей немесе күнделікті тірлігімен айналыса алмайтын. Ата-анасын балаларынан айырды. Сондықтан да науқастар емделгісі келмей, дәрігерлерден жасырынатын. Енді аурудың қоршаған орта үшін қауіпті емес түрімен ауыратын науқастардың амбулаториялық емделуге және әдеттегі өмір салтын жалғастыруына мүмкіндік пайда болды, - дейді Ш.Исмаилов.

Бүгінде елдегі емханаларда 260-тан астам туберкулезге қарсы күрес кабинеттері ашылып, стационарлардағы кереует саны 5529-ға дейін азайды.

Бір таңқаларлығы - ең алдымен осындай пациенттерге бақылау жасау міндеті жүктелген терапевт дәрігерлер жаңа ережелерге қарсы болды. Күн сайын науқас өзіне тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдап, бұл туралы емхананың арнайы оқытылған қызметкерлеріне бейнехабарлама арқылы есеп беруі тиіс. Семинарда мұның қалай жасалатынын көрсетті.

Видеода пациент өзінің аты-жөнін, күн мен уақытты айтады, содан кейін кезекпен дәрі-дәрмекті ішеді. Айтпақшы, фтизиатрлардың айтуынша, бұрын науқастар күніне 17-21 таблеткадан ішуге мәжбүр болса, қазір анағұрлым тиімді дәрілер шығарылып, тәуліктік доза 8-13 таблеткаға дейін азайған.

Қазақстан көп дәріге төзімді туберкулез түрімен ауыратын науқастардың тиімді емделуін ақысыз ұсынған азғана елдің қатарында. Бұдан басқа, бізде барлық емдеу кезеңінде пациенттерге материалдық көмек көрсетіледі, ал ол курсты үзбеуі тиіс. Соның арқасында Қазақстанда туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу тиімділігі жоғары деңгейде.

АТЫРАУДАҒЫ АХУАЛ

Мен Атырау тұрғыны ретінде өңіріміздегі ахуал туралы білгім келеді. Өкінішке орай, 2018-2019 жылдары туберкулез ауруы бойынша біз өз елімізде бірінші орынға шықтық. Алайда біздің өңіріміздің өлім-жітім деңгейі төмен аймаққа жататындығы көңілге медеу болып отыр. Туберкулезден бөлек басқа аурулармен ауыратын, ең алдымен алкоголизмге және ВИЧ-ке шалдыққан, дүбәра өмір салтын ұстанатын және емделмейтін науқастарда өлім-жітім жоғары екенін атап өткен жөн. Маскүнемдер көбінесе емделуге немқұрайлық танытады, бірақ фтизиатрлардың айтуынша, бұл мәселеге нашақорлар анағұрлым жауапкершілікпен қарайды. Басқа өңірлермен салыстырғанда Атырауда ВИЧ-пен сырқаттану деңгейі төмен және туберкулезбен ауыратын дүбәра адамдар аз.

Мамандар туберкулезбен негізінен бұрын сотталғандар мен жағдайы жоқ адамдар ауырады деген пікір жаңсақ екенін айтады. Кез-келген адам ауру жұқтыруы мүмкін. Ауру жұққан сәттен бастап дамығанша бірнеше жыл өтуі мүмкін. Ауру адамның иммунитеті төмендеп, күйзеліске түскен кезде бас көтереді. Туберкулезбен көбінесе ересек адамдар ауырады. Алайда, бұл ауру барлық жастағы адамдарға жұғуы мүмкін. ВИЧ жұқтырған адамдарда туберкулездің белсенді түрінің даму ықтималы 20-30 есеге артады. Иммундық жүйені әлсірететін басқа қосымша ауруы бар адамдар қауіпті топқа жатады. Темекі шегу туберкулезбен ауру қаупін едәуір арттырады.

ТЕҢ ТЕҢІМЕН

Туберкулездің алдын алу үшін фтизиатрлық қызмет пен ғаламдық қор үкіметтік емес секторды көмекке шақыруға шешім қабылдады. Әр облыста ҮЕҰ құрылды.

- Өмір бойы спортпен шұғылданып, үнемі қозғалыста болдым. Маған бұл ауру ешқашан жоламайды, ауыра қалсам да оңай жеңе аламын деп ойлайтын едім. Бірақ қатты күйзелістің нәтижесінде Кох таяқшасы мені жеңіп шықты. Емделуге жеңіл-желпі қарадым, дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдамадым, ал сауығып кеткен соң бірден қарқынды жаттығуларға кірістім. Бірақ дәрігерлер бұл аурудан кейін ағзаға күтіммен қарау керек деп ескерткен еді, - дейді «Санат әлемі» ҚҚ өкілі (Алматы) Данияр. – Сөйтіп жүргенде қайта ауырып қалдым, енді дәріге төзімді түріне шалдықтым. 2 жыл емделуге тура келді. Осы жолы бұл аурудың қаншалықты ауыр екенін түсініп, дәрігерлер тағайындаған барлық ұсыныстарды ұстандым. Әу бастан оларға құлақ аспағаныма қатты өкінемін. Соның кесірінен кейін өте ауыр дәрілерді қабылдауға тура келді. Бұл ауру менің тағдырымды өзгертті. Бірінші әйеліммен ажырастым. Қазір отбасылымын, әйелім де туберкулезбен ауырған. Балаларымыздың дені сау. Бұрынғы жұмысымды тастап, қазір ҮЕҰ-мен аутрич-қызметкер ретінде бірлесе жұмыс істеймін.

Аутрич (ағылшынша Outreach) дегеніміз - байланыс орнатуды және жабық әлеуметтік топтарға оларға үйреншікті ортада ақпаратты жеткізуді көздейтін әлеуметтік жұмыс әдісі. Әдетте, арнайы білімі бар адамдар немесе сол жабық ортадан шыққандардың «өздері» аутрич-қызметкер болады. Бұл жағдайда аутрич-қызметкерлер өздері туберкулезбен ауырып, басқаларды осы аурудан қорғау үшін бар күшін салуда. Аутрич-қызметкердің клиенттері тұрақты мекен жайы жоқ адамдар, мигранттар, коммерциялық секс қызметкерлері, алкоголь немесе есірткі тұтынушылар болуы мүмкін.

ҮЙ-КҮЙСІЗ ЖҮРГЕНДЕРДІҢ БӘРІ ТУБЕРКУЛЕЗБЕН АУЫРМАЙДЫ

Атырау облысында да туберкулезге қарсы күрес саласында жұмыс жасайтын ҮЕҰ бар. Ол «Мейірім Қазақстан» деп аталады. Онда 12 аутрич-қызметкер, психологтар мен фтизиатрлар жұмыс істейді. Олар мақсатты топтардың: көше кезіп кеткен жандардың, алкоголь мен есірткі қолданатындардың, бұрын сотталғандардың, ВИЧ-ке шалдыққандардың, аз қамтылғандардың, сыртқы және ішкі мигранттардың арасынан науқастарды анықтаумен айналысады. Жергілікті Бейімдеу орталығымен, ҚАЖД-мен, емханалармен бірлесе тек Атырауда ғана емес, облыстың бүкіл ауданында жұмыс істейді.

Баспанасыздар Бейімдеу орталығында болған кезде, оларға тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдап жүр ме, жоқ па, бақылауға болады. Ал ол жерден шыққан кезде ше? Ем алып жүрген науқастарға материалдық көмек пен емханаға бару үшін ақша тиесілі.

- Егер адамның құжаты болмаса, төлем мәселесі қалай шешіледі? Құжаттары түзелгенше емдеуді кешіктірмейтін шығар? – деп сұрадым «Мейірім Қазақстан» ҮЕҰ директоры Диляра ӘБДРАХМАНОВАДАН.

- Біздің аутрич-қызметкерлер бейімдеу орталығынан шыққан тұрақты мекен-жайы жоқ адамдармен байланысты үзбейді. Олардың әдетте мекендейтін жерлерін біледі. Бейімдеу орталығы мұқтаж жандарға құжаттарын қалпына келтіруге көмектеседі. Алайда іс жүзінде туберкулезбен ауыратын науқастың құжаттары болмаған жағдайды әлі кездестірген жоқпыз. Қызметкерлеріміздің әрекет ету алгоритмі мынадай: олар өз клиенттерімен байланыста болады, олармен бірге жүріп, флюорографияға түсіріп, «GeneXpert» диагностикалық аппараты арқылы қақырықты тексертуге жібереді. Біздің мақсатты аудиторияның барлығы туберкулезбен ауырады деп ойламаңыз. Көбінің дені сау, - дейді Д.Әбдірахманова.

- Фтизиатрлар қате емдеу, емдеу курстарын үзу туберкулездің дәріге төзімді түрлерінің дамуына әкеп соғады деп айтудан жалықпайды. Бірақ кейде неліктен бірінші рет ауырған науқастарға кеңінен және көптеген дәріге төзімді туберкулезге шалдыққан деген диагноз қойылады? – деп, семинар барысында мамандардан сұрадым.

- Бұл оларға ауырған науқастың ағзасындағы дәріге төзімді қоздырғышты жұқтырған кезде болады. Басқаша айтқанда, егер адам ауруды кеңінен және көптеген дәріге төзімді туберкулезбен ауырған адамнан жұқтырған болса, онда оларда да аурудың дәл сол түрін емдеу қиын болады.

Бұл дегеніміз – туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адам айналасындағылардың денсаулығы үшін де жауапкершілікпен қарауы керек деген сөз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 қазан 2020, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.