Дамбыдағы балық дауы

1 009 рет қаралды

10 қыркүйекте балықшылар Дамбы ауылдық округіндегі әкімдік ғимаратының жанына жиналды. Олар өздерінен балық алатын кооперативтердің сатып алу бағасын екі есеге түсіріп жібергеніне ренішті.

Оларға «Амангелді» балық аулайтын ЖШС өкілдері мен облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКОВ келді. Карантинге байланысты көпшілік жиындарға тыйым салынғандықтан, полиция қызметкерлері мен неліктен екені белгісіз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері де келіпті.

Балықшылар балықтың сатып алу бағасын екі есеге түсіргеніне наразы, өйткені еңбек жағдайы өзгерген жоқ, аулау құралдары мен қайықтар өздерінікі, көпшілігінің несиесі бар, оларға отбасын асырау керек.

- Біз соңына дейін алған бетімізден қайтпаймыз. Егер қолдау таппасақ, мұндай ақшаға жұмыс істегенше, билетімізді (балық аулауға рұқсат – З.И.) тапсырғанымыз жақсы! - деп айқайлады балықшылар. Ендеше балықты рұқсатсыз қалай аулайсыздар деген сұраққа, жиналғандар балық қорғау қызметіне «тікелей» жұмыс істейтін боламыз, деп мәлімдеді.

Кейін «АЖ» осы даудың екінші тарапымен хабарласты.

- Көктемде көптеген компания мен мекемелердің жұмысы тоқтаған кезде, балықшылар өз жұмыстарын жалғастырды - шектеулер оларға әсер етпеді, олар әдеттегідей табыс таба алатын еді. Алайда балық аулау кооперативтері қиын жағдайда қалды. Балықтың 60-70%-ы Ресейге, Белоруссияға, Украинаға, Өзбекстанға, Израильге және басқа елдерге экспортталады, ал қазір өнім сатылмай қалды. Бұдан басқа, халықтың сатып алу қабілеті төмендеді, сондықтан кооперативтер қабылдау бағасын төмендету туралы шешім қабылдады, - дейді балық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Сәдібеков. - Балықшылардың наразы болуы түсінікті, бірақ кооперативтердің жағдайын да түсіну керек. Биліктің жеке бизнестің шарттық қарым-қатынасына араласуына, бағаны бақылауға және шарт қоюға құқығы жоқ. Бірақ біз кооператив басшылығына түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кеңес бердік, өйткені олар себептерін түсіндірместен жоспарланған өзгерістер туралы жариялаған. Бұл уақытша түсінбеушілік екеніне және ахуалдың тұрақталатынына сенімдімін.

Кооператив өкілдері сатып алу бағасын түсіруге итермелеген себептерді атады. Жақында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман СКЛЯР Атырау облысына келді. Балық аулау саласының өкілдері одан мемлекеттік субсидия алу, жеңілдетілген салық салу және тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселелерін шешуді сұрады. Содан кейін жергілікті балық шаруашылығы қауымдастығы мүшелерінің кездесуі өтті. Мұнда тұрғындардың қазір ақшасыз екендігі, балықтың бағасын түсіру қажеттігі туралы мәселе қозғалған.

- Балықшылардың сатып алу бағасы деп атап отырғаны – іс жүзінде балық аулаған қызметі үшін алатын төлемақысы. Біздің кооператив жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін ақы төлейді, өткен жылы біздің компания тобы ол үшін 118 млн теңге төледі. Яғни, біз мемлекетке келісілген аулау көлемі үшін ақы төлеп қойдық. Ал балықшылар біздің квотаны игеріп жатыр. Әдетте балықты тойлар мен еске алу шаралары үшін көп алатын, бірақ көктемде мейрамханалар жабылды, іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Халықтың балық сатып алуға ақшасы жоқ. Сатып алушылар бағаны төмендетуді сұрайды, - дейді «Амангелді атындағы» ЖШС директоры Сәбит САҒИДУЛЛИН. - Басқа елдерде де жағдай осындай, шетелдік серіктестер өнімді сатып алу көлемін азайтып, оның құнын төмендету туралы ұсыныстар жасайды. Біз есептеп көрдік - егер біз балықтың келісін 250 теңгеден қабылдайтын болсақ, онда оны аулаудың өзіндік құны 480 теңге болады. Өйткені 250 теңгеге биоқорлар, ҚҚС, КТС, жалақы мен жанар-жағармай материалдары үшін төлем қосу керек. Сатқан кезде бұл сомаға сатушының, әкімшілік персоналдың жалақысын және көлік қызметін қосу керек. Яғни, біз оны халыққа кемінде 600 теңгеге сатуға тиіс боламыз. Егер балық аулау ақысын сазанның бір келісі үшін 150 теңгеге дейін төмендететін болсақ, оны 450-500 теңгеден сата аламыз. Нарықтағы ең төмен баға «Амангелді» ӨК-де. Логикалық тұрғыдан алсақ, балық аулау маусымы кезінде балықтың құны төмендеуі керек, бірақ біздің балықшылар балықты жыл бойына бірдей бағамен қабылдауды талап етеді, тіпті, бағасы үнемі көтеріліп тұрса дейді. Көктемнен бастап тоңазытқыштарымызда мұздатылған балық жиналып қалды, енді күзгі балық аулау маусымы басталды. Біз тұрғындарға жаңа ауланған балық сатқымыз келеді. Бірақ сату қиын болып отыр. Осыған байланысты біз өз өнімдеріміздің құнын төмендетіп жатырмыз, бұл туралы жарнамалық хабарландырулар арқылы халықты хабардар еттік. Ал кеше, сәйкесінше, балық аулау қызметі үшін төлем құны төмендетілді.

С.Сағидуллиннің айтуынша, маусым басталар алдында ЖШС айналым қаражаты үшін әдетте 150 миллион теңгеге дейін несие алады. Сөйтіп, кооператив балықты қабылдайды, өнімді сатады, ақша айналымы жүреді. Пандемия басталғалы бұл механизм сәтсіздікке ұшыраған, бұл балықшылар қызметі үшін төлемақының төмендеуіне тағы бір дәлел.

- Қиғашта балықшылар маусым соңында ақшаны бірден көп мөлшерде алғанды жөн көреді. Жайықта жұмыс жасайтындар жұмысты қабылдау актісінен кейін ай сайын ақша алады. Теңізде балық аулайтын балықшылар ғана бізден әр жеткізілім үшін төлеуді талап етеді. Әйтпесе, балықты басқа сатып алушыларға сатамыз деп қоқан-лоқы көрсетеді, кейде келісімді бұзатын да кездері болады. Басқа сатып алушылар - ешқандай салық төлемейтін, рұқсат алмайтын және бізден жоғары баға белгілеуге мүмкіндігі бар алыпсатарлар. Олардың алыпсатарлық әрекеттерінің салдарынан адал кәсіпкерлер зардап шегеді, - деп қынжылыс білдірді сұхбаттасушым.

... Балықшылардың билік өкілдерімен алғашқы кездесуі нәтиже бермеген. Сондықтан, 11 қыркүйекте олар қайтадан жиналды. Бірақ бұл жолы әкімдіктен де, кооперативтерден де ешкім келмеді. Осылайша, екі тарап та өз ұстанымдарын талап етуді жалғастыруда. Балықшылар балық аулауға рұқсатты тапсырып, өз беттерімен әрекет етеміз деп қорқытады, ЖШС басшылары олай болса басқа балықшыларды жалдаймыз дейді. Бірақ ақиқаты мынада: екі жақ та бір-біріне тәуелді және қалай болғанда да ымыраға келуге мәжбүр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

12 қыркүйек, 19:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.