Атырау, 18 сәуір 19:32
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Атырау облысындағы оқу жылының алғашқы аптасы: байланыс нашар

3 520 просмотра

Осы жылдың 14 шілдесінде Қазақстанда коронавирус инфекциясы мен пневмония ауруы үдеген кезде жаңа оқу жылы онлайн форматында басталады деп ұйғарылды. Алайда, күзге жақын билік бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар, сондай-ақ интернетке қатысты проблемасы бар шалғай елді мекендерден шағын мектептер ашу туралы шешім қабылдады. Жаңа оқу жылының қашықтан оқытылған бірінші аптасы қалай өткені туралы - «AЖ» материалында.

1 қыркүйекте кейбір мектептер салтанатты жиын өткізді, дегенмен бұған дейін білім беру басқармасының басшысы Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ брифингте оның еш жерде өтпейтінін айтқан болатын. Мүмкін бұл мерекелік көңіл-күйді сезінсін деп кезекші сынып оқушылары үшін жасалған шығар.

Сонымен, кезекші сыныптарға әрі кеткенде 15 бала қабылданады. Бірінші сынып оқушысының анасы Әсемнің айтуынша, күн сайын мектепке кірер алдында балалардың дене қызуын өлшейді, аты-жөндерін жазып алады, содан кейін ғана ғимаратқа кіргізеді. Міндетті түрде маска тағады. Ата-аналарға мектеп ауласына кіруге тыйым салынған.

- Қазір сабақтар 35 минуттан өтеді. Әзірге еш қиындық жоқ, сабақ әдеттегідей жүреді. Қашықтан оқуға таңдау болды, бірақ ұлымды кезекші сыныпқа бердім: бәрібір, балалар білімді мұғаліммен бірге жақсы меңгереді, тәртіп болады, - дейді Әсем.

Естеріңізге салсақ, биылғы оқу жылында Атырау облысындағы 196 мектептің 182-сінде қашықтан оқыту ұйымдастырылды - қалған 14-і шағын жиынтықты мектепке жатады және ол жерде бәрі әдеттегідей өтеді. 170 мектеп ата-ананың таңдауы бойынша бастауыш сынып оқушыларын бала саны аз кезекші сыныптарға қабылдайды.

Егер кезекші сыныпта сабақ дәстүрлі форматта жақсы өтсе, қашықтан оқыту әлі де проблемалы болып отыр.


ОНДАҒАН МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Бірінші күні-ақ үлкен үміт артқан Bilimland платформасы өзіне түскен жүктемеге төтеп бере алмады. Zoom бағдарламасына көбі қосыла алмады. Сөйтіп бәрі WhatsApp пен Telegram мессенджерлеріне көшті. Қала мектебінің біріндегі мұғалімдер түсіндіргендей, әзірге Bilimland-та дайындық жұмыстары жүріп жатыр - сабақтар жүктеліп, кесте жасалуда.

Мұндай жобаларды дайындауға уақыт қажет екендігі түсінікті. Бірақ өткен оқу жылының соңғы тоқсанынан кейін бізде ең болмағанда бір жұмыс істеп тұрған жүйені жасау немесе жетілдіру үшін бақандай 3 ай уақытымыз болды.

Айтпақшы, мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес, «"iTest" – ҰБТ-ға дайындау бағдарламасы бойынша виртуалды оқыту кешеніне, "iMektep" – бастауыш мектепке арналған мультимедиялық курсына, "BilimLand" – білім беру платформасына, «Twig-bilim» білім беретін фильмдер топтамасына қолжетімділікті ұсыну жөніндегі қызметтер» - әр оқу орны өзінің келісімшартын жасайды. Мысалы, Атырау қаласындағы Ж.Нәжімеденов атындағы №2 орта мектеп «BilimMediaGroup» ЖШС-мен 173 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасады. Егер бұл санды облыстағы 182 мектепке көбейтсек, қомақты сома - 31 миллиард теңге шығады. Бұл бір аймақ қана.

BilimLand платформасында балалар бейнесабақты қарап, үй тапсырмасын орындауы тиіс болды, сол бойынша баға қойылады. Бір сөзбен айтқанда, оқу керек. Бірақ, мұның бәрі өте қиын болып тұр.


«БІРТІНДЕП БӘРІ РЕТТЕЛЕДІ»

«BilimMediaGroup» ЖШС директоры Санжар КЕНЖЕХАНҰЛЫНЫҢ айтуынша, 2 қыркүйекте таңертең платформада бір сәтте 70 мыңнан астам қолданушының кіруіне байланысты ақау болған.

- Бірақ біз ақауды бірден жойдық, қазір платформа бұрынғы режимде жұмыс істеп тұр. Әлі күнге дейін бізге көп шағым келіп түседі, бәрін қабылдап, қарастырамыз. Әркімнің смартфоны әртүрлі, Интернет сапасы да әр алуан. Мысалы, ауылдық жерлерде сабақтар жүктелмейді, бейнематериалдарды қарау мүмкін емес. Біз пайдаланушыларға GoogleChrome арқылы кіруге кеңес береміз - осылайша оңайырақ.

Оның айтуынша, платформаға 1 тоқсанға арналған 5700 бейнесабақ жүктелген, оны жаз бойы 500-ден астам мұғалім құрастырған.

- Біз бұл салада 10 жыл бойы жұмыс істеп келеміз, бұған көп күш салдық. Шағымдар бойынша бізде қолдау қызметі бар,  сол жерге хабарласуға болады. Мұның бәрін қолдануға, интерфейске үйренуге уақыт қажет. Біртіндеп бәрі реттеледі, - дейді Кенжеханұлы сеніммен.


«КӨЗГЕ КӨП КҮШ ТҮСЕДІ»

Қызылқоға ауданының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі сабақтарды Zoom арқылы да, BilimLand арқылы да өткізіп көргендерін айтты.

- Бейнеконференцияға баланың бәрі қосыла бермейді. Қосыла алмайтындар үшін WhatsApp арқылы жұмыс жасаймыз. Бұл жоғары сыныптарда. Ал бастауыш сыныптарда балалардың көпшілігі мектепке барады, үйде қалатындар аз, оларға мессенджер арқылы үйрену оңайырақ. Сондай-ақ, қатысушылар саны мен уақыты шектелмеген DUO қосымшасын қолданып жатырмыз, бұл да ыңғайлы.

Қала мектептерінің біріндегі бастауыш сынып мұғалімі де негізгі проблема - Интернеттің жоқтығы немесе әлсіздігі екенін атап өтті.

- Оқу жылының басында Zoom арқылы оқимыз, бір-бірімізді көреміз, түсіндіреміз, сөйлесеміз деп ойладық, бірақ байланыс нашар, дауыс естілмейді. Ал бұл платформаның уақыты шектеулі. BilimLand-қа келер болсақ, әзірге ол жерге қосылған жоқпыз, жақын арада қосылуға мүмкіндік берілетін шығар. Қазір онда сабақтар мен кесте жүктелуде. Жалпы, қашықтан оқытудың өзі балалардың да, мұғалімдердің де, ата-аналардың да денсаулығына кері әсер ететінін айта кеткен жөн. Көзге көп күш түсіреді. Бірақ үйреніп жатырмыз, қазір WhatsApp арқылы сабақ оқып, балаларға бейнесабақ жібереміз, түсіндіреміз, орындалған тапсырмаларды қабылдаймыз. Тағы бір мәселе - смартфондардың жады тез толып қалады, телефондарын тез тазарта алмайды, көбі мұны қалай жасау керектігін білмейді.


...БАЛАЛАР ПАРТАЛАРЫН САҒЫНДЫ

Санжар Кенжеханұлы сайттың статистикасын келтірді - бүкіл қолданушылардың 70%-ы өз телефондарын пайдаланады. Көп жағдайда бұл ата-анасының телефоны, өйткені көбінің отбасындағы әр балаға смартфон сатып алуға жағдайы жоқ. Ресми ақпаратқа сәйкес, біздің облыста 16 мыңнан астам балаға компьютер керек, оның 15 мыңына компьютер берілген. Бірақ іс жүзінде жағдай басқаша - бұл мектеп компьютерлері бәріне бірдей ыңғайлы емес, көбі бас тартады, өйткені олар роутерге қосылмайды. Ал уәде етілген ноутбуктер әлі келген жоқ.

Білімді бағалау әдістемесінде де түсініксіз жайттар көп. Бұған дейін осы оқу жылынан бастап 10 балдық жүйе болады деп хабарланған болатын:

1-3 балл - нашар

4-5 балл - қанағаттанарлық

6-7 балл - жақсы

8-10 балл - өте жақсы.

Ал төртінші баға енді ТЖБ үшін 50%, БЖБ үшін 25% және формативті бағалау үшін 25% бойынша қойылады. Формативті бағалау күн сайын баллмен өткізіледі. Бір рет бөлім бойынша жиынтық бағаланады (БЖБ). Кейбір мұғалімдер күнделікті бағаны бұрынғыдай өз журналына қоятынын, ал кейбіреулері жоғарыда аталған платформаларда бағалауға тырысатындығын ескерсек, тоқсан аяғына қарай бұл ешкімге оңай болмайды.

Ал әзірге балалар мектепті сағынып, парталарына тезірек оралғысы келеді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

10 қыркүйек 2020, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.