Атырау, 25 қараша 03:45
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қасқыр шапты

14 664 просмотра

Азғыр өңірінде түз тағысы толып кеткен. Нәпақасын малдан тауып отырған тұрғындар қасқырдың малға қырғидай тиіп жатқанын хабарлады.  

Олардың есептеуінше, биылдың өзінде түз тағысына жем болған мал саны жүздеп саналады. Егер қасқырдың күніне 8-10 келі ет жемей тұра алмайтынын есепке алсақ, олардың үнемі ашығып жүретінін түсінеміз.

Қоңыртерек елді мекенінде қасқырлар біраз малды қырып салды. Ауылдың ішіне емін-еркін кіріп, қорада тұрған қойларға бас салған. Ауыл тұрғындары да қасқырды атуға шыға бастапты.

- 70шақты үйдің тұрғындары түнгі кезекшілік ұйымдастырды. Біз малды күндіз-түні күзетеміз. Бірақ, кейде кезекші сәл мүлт жіберсе болды, қасқырдың қайдан келгенін білмей қаласың. Аула жақта опыр-топыр басталады. Бір үйдің ауласының 11 қой-ешкісін, ал басқа үйдің тағы 10 шақтысын қырып кеткен, - дейді Қоңыртеректің тұрғыны Сайфолла БИСЕНАЛИЕВ.

Қасқырдың шабуылынан Азғыр өңіріндегі басқа ауылдар да жапа шегіп отыр. Соңғы аптаның ішінде жыртқыштар онда бір сиыр мен он шақты жабағыны жеп кеткен.  

- Әуесқой аңшылар бізге көмектесер еді. Бірақ, оларға мылтықты пайдалану рұқсаты 6 айға ғана беріледі. Кейін оны ұзарту үшін тағы қалаға бару керек, ал бұл - үлкен шығын. Мұндай жағдайда қасқырлармен қалай күресесің? Қасқырға қамшымен қарсы тұра алмайсың, - дейді Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ.

- Егер қасқырдың соңына түсем дейтіндер табылса, біз оларға оқ дәрісін тегін береміз, - дейді аудандағы әуесқой аңшылар мен балықшылар қоғамының жетекшісі Бекбай ТЕМІРАЛИЕВ.  – Осы жыл ішінде бірде-бір адам қасқыр терісін тапсырған жоқ. Ал қасқыр ұстағандарға ақша беріледі ғой. Бір қасқырдың құны - 14 мың теңге, ал бөлтірігі үшін 7 мың теңге төленеді. Қасқырды аулауды біз ұйымдастырмаймыз, оны әуесқой аңшылардың өздері бірлесіп шешеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 желтоқсан 2012, 19:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.