Атырау, 25 қараша 04:39
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Банкрот деп тану қиынға түсуде

2 685 просмотра

Облыстық мамандандырылған экономикалық сотта қалалық салық басқармасының «АтырауБалық» АҚ-ын банкрот деп тану туралы талап-арызы қараусыз қалдырылды.

Судья Ғалымжан ИБРАГИМОВТЫҢ айтуынша, талап-арыз беруші қосымша материалдар жинау үшін өз арызын кері қайтарып алған:

- Бұл жағдайда салық органы бастамашы ретінде «АтырауБалықты» банкрот деп тану жөнінде сотқа жүгініп отыр. – дейді судья. - «АтырауБалық» олармен келіскенімен, өзінің қауқарсыз екенін дәлелдей алмады. Кәсіпорынды банкрот деп тану үшін ол банктегі есеп-шотта ақша жоқ екенін, жылжымайтын, жылжымалы мүлік жоқ екенін дәлелдеуі тиіс. Олар 2003 жылы кеме қатынасы жабдықтарының сатылғанын айтты, олар бойынша кейбір құжаттар бар, бірақ түгел емес. Салық органы да сотқа кәсіпорынның заңды түрде қауқарсыз екендігі туралы дәлел ұсынуы тиіс. Сондықтан осы дәлелдің барлығын жинақтау үшін салық органы арызды қараусыз қалдыруды өтінді. Тиісінше, жауапкер мұнымен келісті.

Сотқа талап-арыз беруші атынан қатысып отырған Атырау қалалық салық басқармасының бас маманы Жаннат ӨТЕШОВАНЫҢ айтуынша, әділет органдарынан келіп отырған кейбір мәліметтер дұрыс емес:

- Құжаттар бойынша, «АтырауБалықта» учаскелер, жылжымайтын мүліктер көп. Мәселен, жол полициясы оларда 15 көлік бар екендігін растап отыр. Кейбір жер учаскелері бойынша да солай. Осының бәрі кәсіпорынның атына тіркелген, бірақ іс жүзінде оларда ештеңе жоқ. Мен мемлекеттік құрылымдарға қайтадан сұраныс жібердім. Келесі аптада жаңа мәліметтер алып, бірден сотқа жүгінеміз деп үміттеніп отырмыз. Жыл аяғына дейін кәсіпорынды жапқымыз келеді.

Бүгінгі күні «АтырауБалықтың» салық бойынша бережағы 59 млн теңгені (өсімі 11 млн тг), зейнетақы жарналары бойынша - 25 млн теңгені (өсімі 3 млн тг), міндетті әлеуметтік жарналар бойынша - 11 млн теңгені (өсімі 1 млн тг) құрап отыр.

Айтпақшы, банкроттық туралы заңға сәйкес, талап-арыз беруші борышкерге белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салу туралы өтінішпен сотқа жүгінген. Сот ол бойынша ұйғарым шығарды. Қазіргі уақытта «АтырауБалық» шотына келісімдер жасауға және т.б. тыйым салынған.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

13 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.