Белоруссия Президенті Александр Лукашенко Грузияның ТМД қатарына қайта қосылуы үшін бар күшін салатынын және ол үшін Грузия басшыларының алдында тізерлеп тұруға да әзір екендігін мәлімдеді.
«Міне, біз 1 қаңтардан бастап ТМД-ға төрағалық етеміз және сіздерді (Грузия) күтеміз. Мен сіздерге барамын, алдарыңызда тізерлеп тұрамын, бірақ жұрттың көзінше емес. Ал, егер керек болса бүкіл халықтың алдында тізерлеймін және сіздердің ТМД-ға қайта оралуларыңызды сұраймын» деді Лукашенко Минск қаласында өткен ТМД, Балтық және Грузия елдерінің бас редакторлар клубының жиынында. Бұл жайында РИА Новости мәлімдеді.
Белоруссия басшысы Грузияның қайта оралуын Ресей де қолдайтынын айтты. Естеріңізге салайық, Грузия елінің ТМД қүрамынан шыққанын президент Михаил Саакашвили 2008 жылы Оңтүстік Осетияда болған қарулы қақтығыстан кейін жариялаған болатын. Мемлекет басшысының бұл бастамасына парламент қолдау танытып, сол жылдың 18 тамызында Грузия сыртқы істер министрлігі ТМД комитетіне бұл жайында мәлімдеген.
Дереккөз: baq.kz