Комраттағы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні. Сурет ҚР сыртқы істер министрлігінің сайтынан алындыАСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Түркі халқымен тарихи байланысы бар Гагауз автономиясының басшылығы түркі әлемінің көрнекті қайраткерлерінің мүсіндерін Комрат қаласындағы Даңқ саяжайында құрметпен қою туралы шешім қабылдаған болатын.
Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады. 10 желтоқсанда Молдова Республикасының құрамындағы «Гагауз Ері» автономиялық-территориалдық құрылымының астанасы - Комрат қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні орнатылды. Оның авторы - мәскеулік мүсінші Константин Константинов.
Ресми ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Гагаузияның басшысы Михаил Формузал Елбасының мүсінін орнату қазақтың ұлы перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ауыр және қысылтаяң кезеңде өз халқына қамқор болып, қазіргі таңда елін өркендеу жолына бастап келе жатқаны үшін білдірілген құрмет деп атап өтті. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз мемлекетін сақтай отырып, Қазақстанның әлем алдындағы халықаралық беделін көтерді. Бұл өз еліне қызмет жасау үлгісі мен біз бен біздердің ұрпақтарымызға тәлім болады»,- деді Михаил Формузал.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Аманкелді Жұмабаев Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығының қарсанында еліміз Көшбасшысына орнатылған мүсін үшін алғысын білдіре отырып, Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты Қазақстанның жеткен жетістіктері мен табыстарын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ А.Жұмабаев жиналған қауымға Н.Ә.Назарбаевтың Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік және түркітілдес мемлекеттер аясындағы аса маңызды ықпалдастық бастамаларына тоқталып, Қазақстан мен Молдова арасындағы бүгінгі таңдағы нығайып келе жатқан қарым-қатынастар мен оның келешегіне тоқталып кетті.
Сонымен қатар, ресми ашылуға Қазақстан Республикасының Украина және Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков, Молдова Республикасы Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Попов, еліміздің Молдовадағы Құрметті Консулы Роман Станков және тағы басқа белгілі тұлғалар қатысты.
Дереккөз: ҚазАқпарат