Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон 10 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру туралы хаттамаға қол қойды. Осы бірлестік тарапынан құжатқа бас директор Паскаль Лами қол қойды, деп хабарлайды РБК, Reuters-ке сілтеме жасап.
«Теңізге шыға алмайтын кішкене мемлекет үшін біздің ұйымға кіру әлемдік экономикаға жол ашады», - деді П.Лами.
Э.Рахмон өз тарапынан 10 желтоқсанды тарихи күн деп атады. Президент Тәжікстан нарықтық жолмен дамып келе жатқандығын, енді ДСҰ-ға мүше болу экономикалық және әлеуметтік өрлеу кепілі болатындығын атап өтті.
Орта Азиялық мемлекеттің ДСҰ-ға кіру үдерісі шамамен 11 жылға созылды және әлі де сәтті аяқталған жоқ. Тәжікстан хаттаманы парламент бекіткеннен кейін 30 күннен кейін ғана ұйымның толық құқылы мүшесіне айналады. Осы рәсімді өткізу үшін бекітілген ең соңғы мерзім, - 2013 жылдың 7 маусымы.
Қырғызстаннан кейін Тәжікстан іс жүзінде ұйымға мүше болған бұрынғы КСРО-ның екінші Орта Азиялық мемлекеті. Хаттамаға қол қою рәсімінде Еуроодақ сауда органдарының өкілдері бірлестікке кіру посткеңестік кеңістіктің ең кедей елдерінің бірінің экономикалық әлеуетін дамытуға себептесетіндігіне үміттерін білдірді.
Дереккөз: bnews.kz