Облыста жасанды алкоголь өнімінің үлкен партиясы табылды.
Қаржы полициясының қызметкерлері Атырау қаласы және Құрманғазы ауданы сауда нүктелерінің қоймаларынан және бір супермаркеттен жасандылық белгілері бар есеп-бақылау маркаларымен ресімделген, «Геом» ЖШС өндірген 127 991 шөлмек алкоголь өнімдерінің үлкен партиясын тапты.
- Бұл соңғы жылдары табылған жасанды есеп-бақылау маркілері бар алкоголь өнімдерінің үлкен партиясы ,- дейді Атырау облысы бойынша ЭСЖҚД (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы Алтынай МҰХТАРОВА.
Атырау облысына алкоголь өнімдерін жеткізуші ақтөбелік заңды тұлға екендігі анықталды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК 208 б. 2 т. қарастыратын қылмыстық белгілер бойынша (акцизденетін тауарларды акциздік маркілермен және/немесе есеп-бақылау маркілерімен маркілеу ережелері мен қағидаларын бұзу, акциздік маркілерді және/немесе есеп-бақылау маркілерін қолдан жасау және қолдану) 7 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз арақтың қай супермаркетте және қандай фирманың қоймасында табылғаны жөнінде ақпаратты қаржы полициясы тергеу мүддесі бермейтінін мәлім етті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА