Атырау, 4 қазан 17:50
 ашықВ Атырау +10
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Берлускони төртінші рет Италия премьері болуға әрекеттенбек

1 599 просмотра

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Сильвио Берлускони 2013 жылы Италияның Премьер-Министрі лауазымына таласатынын мәлім етті, деп хабарлайды lenta.ru сайты Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

 "Мен көкіректегі шермен қоғамға қызмет ету үшін қайта оралдым, - деп мәлімдеді сенбі, 8 желтоқсан күні 76 жастағы саясаткер. - Және бұл қадамды жасауға мені жауапкершілік сезімі итермеледі".

Бұның алдында Берлускони астыртын қаржылық айла-амалдары үшін бір жылға шартты түрде сотталған болатын. Бұған қарамастан, ол саясатта қалатынын, алайда елдің билігіне енді таласпайтындығын, өзінің "Тәуелсіз халық" атты консервативтік партиясын парламенттік сайлауда басқармайтындығын да хабарлаған-ды.

 Бейсенбіде, 6 желтоқсанда "Тәуелсіз халық" Италияның қазіргі премьері Марио Монтиді қолдаудан бас тартты. Осылайша, олар алдын ала жалпыхалықтық сайлаудың болар уақытын бір қадамға жақындатты.

 Сильвио Берлускони 1994-1995, 2001-2006 және 2008-2011 жылдар аралығында үш рет ел премьері болды. Ол Еуроаймақтағы дағдарысқа орай, партия ішілік ынтымақтың бұзылуы салдарынан лауазымынан кеткен болатын. Экономиканы құтқаруға ешбір партияда жоқ Монтидің технократтық үкіметі кірісті. Оның жұмысы 2013 жылғы сайлауға дейін жалғасады деп келісілген еді.

 Монтидің экономикалық саясаты салық пен жұмыссыздық деңгейінің өсуіне байланысты итальяндықтардың белгілі бір бөлігіне қатты жақпай отыр. Берлускони коалициясы электораттың аталмыш өкілдерінен қолдау табуды көздейтін болса керек. Associated Press агенттігі хабарлағанындай, әлеуметтік талдау нәтижесі бойынша "Тәуелсіз халық" сайлаушылардың тек 15 пайыз дауысына ие болуы мүмкін. Ал көш басына Монтиді қолдап келе жатқан Демократиялық партия шығуы ықтимал.

 Берлусконидің саясатқа қайта оралуына оның істі болып жатқаны да кедергі келтіретінін топшылау қиын емес. Себебі сот бастапқыда экс-премьерді төрт жыл бас бостандығынан айыру туралы және үш жыл мемлекеттік қызметті атқаруға тыйым салу жөнінде үкім шығарған болатын. Алайда Италияның рақымшылық туралы заңына сәйкес, оның жазасы бір жылға дейін қысқартылды. Бірақ мемлекеттік лауазымға қатысты тыйым өзгертілген жоқ. Заңгерлер сот үкімін бұздыру туралы шағым арыз берді және ол қанағаттандырылған жағдайда үкім тіпті күшіне енбей қалатыны түсінікті.

Дереккөз: inform.kz

 

9 желтоқсан 2012, 11:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.