Атырау, 28 наурыз 22:03
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Атырау әуежайында Венгрия азаматы асылып қалды (+толықтырылды)

2 258 просмотра

Бір апта бұрын Атырау қаласындағы халықаралық әуежай аумағында, шекаралық бақылау ғимаратының маңында Венгрияның 42 жастағы азаматы Ласло БАТТА асылып қалды.

Бұл оқиға 30 қарашада таңғы сағат 04.30-да орын алған.

- Шетелдікті Түркиядан Атырауға депортациялаған, - деп әңгімеледі бізге құқыққорғау органдарындағы дереккөз. – Біздің шекарашылар оны шекарада үш тәулік ұстаған, шамасы құжаттары дұрыс болмаған болуы керек. Атыраудан оны қайтадан Түркияға депортациялауға тиіс болатын. Ал үшінші тәулікте ол адам бәтіңкесінің бауына асылып қалыпты, оның мүрдесі сырттан, шекаралық бақылау қосыны ғимаратының маңынан табылды.

Шекаралық қызметтен ресми ақпарат ала алмадық. Бұл жайттың кейбір тұстарының егжей-тегжейін бізге құпия дереккөздер хабарлады.

Түркияға Венгрия азаматы Украинадан депортацияланған. Шекарашыларға Атырауға келгеннен кейін Ласло Баттаның өзі айтқандай, украиналық шекарашылар оның құжаттары жалған деп күмәнданыпты. Ал Түркиядан оны құжаттары бойынша Атырауда жұмыс жасаған деп бізге аударып жіберген. Қандай компанияда, кім боп жасағанын дереккөз білмейді екен.   

– Ол Түркиядан депортацияланғаннан кейін бізде үш тәулік болған кезде, осы күндері Стамбулға рейстер болған жоқ, тек 30-ы күні таңертең ғана болды, - дейді біздің дереккөзіміз. – Біз оны осы рейспен жібермек болғанбыз, ал түнде осы жағдай болды... Бұл факті бойынша қылмыстық іс, менің білуімше, әлі қозғалған жоқ.  Тергеуге дейінгі шаралар жүргізілуде. Марқұмның денесін бірден медиктер алып кетті, барлық өзара әрекет етуші органдарға хабардар етілді, марқұмның туыстарына хабарлануы тиіс...

 

Бүгін 10 желтоқсанда Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі мынадай мәліметтерді хабарлады: «Венгрия азаматы Ласло Батта Теңіз кенішіндегі компаниялардың бірінде 29 қарашаға дейінгі мерзімдегі жұмыс визасының негізінде құрылыс жұмыстарының шебері боп жұмыс жасаған. 23 қарашада ол Атырау – Стамбул рейсімен ұшып шыққан еді, алайда Стамбулдың көші-қон қызметі оны депортациялағаннан кейін, 27-де қайтадан Атырауға келген. Ол жұмыс жасаған компания басшылығы Л. Баттаның жеке еңбек келісім-шартын бұзуына байланысты 23-інде Стамбулға, содан кейін Украинаға ұшып кеткенін растап отыр. Ол жерде төлқұжатындағы фотосуреті бұлыңғыр болғандықтан кері Түркияға, ал ол жерден Атырауға қайтарып жіберген. Оқиға болғанға дейін ол шекаралық бақылау аймағының бейтарап аумағында болған. Осы факті бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде».

Батыс өңірінің әскери прокуроры Талғат БЕКБЕРГЕНОВТІҢ айтуынша, шекарашылардың әрекетіне қатысты тергеуге дейінгі тексеруді шекарашылар әскерінің әскери полициясының 7-ші бөлімі жүргізіп жатыр екен.

– Әзірге тергеу жұмысы шекарашылар тарапынан заңсыз әрекеттер анықтаған жоқ, - дейді ол. – Сондай-ақ, Венгрия азаматының Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту заңдылығы тексерілуде. Ол жұмыс істеген кәсіпорын басшылығының айтуынша, жұмыстан босату туралы арызды оның өзі жазыпты. Басшылық оны жақсы жағынан сипаттап отыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

10 желтоқсан 2012, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.