Атырау, 11 желтоқсан 16:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Құқыққорғаушы 12 тәулікке қамалды (+толықтырылды)

2 925 просмотра

Қазіргі уақытта Жаңаөзен оқиғасында жапа шеккендерге заңды қолдау көрсетіп жүрген Атырауға танымал құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА 12 тәулікке қамауға алынды.

Әселді 4 желтоқсан күні Ақтау қаласында күндізгі сағат 12-де көшеде ұстаған. Сол кезде ол Стан Тв түсірілім тобындағы өзіне таныс журналистерге қоңырау шалып үлгеріпті. Олар бізге былай деп хабарлаған еді:

- Әсел жапа шегушілердің талап-арыздарын бір жерлерден бастырып алуым керек деп біздің іштен шығып кетті. Жарты сағаттан кейін ол бізге қоңырау шалып, оған әлдебір әйел адамның жармаса кетіп, Әсел жәбірлеп жатыр деп айқай сала бастағандығын айтты. Сол мезет полицейлер келе қалып, Әселді ҚІІБ-не алып кеткен.

Әсел Атыраудағы әріптесі Тоғжан ҚИЗАТОВАҒА да осылай деп хабарлап үлгеріпті:

- Әсел қоңырау шалып, өзінің полицияда екенін айтты. Құжаттарды басып шығармақ боп, ғимараттан шыққан кезде көшеде оған әлдебір әйелдің айғай салып жабыса кеткенін, содан соң полиция келіп, өзін алып кеткенін айтты. Мен Әселден куәгерлер бар ма деп сұрадым, ол жоқ деді.

Т. Қизатованың айтуынша, Ә. Нұрғазиеваның адвокаты Қалдыбай ЕСІРКЕПОВ кеше кешкісін оған Ақтау қаласының әкімшілік сотының шешімімен Әсел Нұрғазиеваны 330-бап («Ұсақ бұзақылық») бойынша 5 тәулікке және 355-баптың 2-тармағы («Полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету») бойынша 7 тәулікке қамағанын хабарлаған. Сондай-ақ, сот шешімімен Әселге жармасқан М. деген азаматша да 5 тәулікке қамалыпты:

- Бұл арандату әрекеті, - дейді Т. Қизатова, - Өйткені Әсел ҚР ІІМ-не қарсы моралдық зиян өндіру жөнінде талап-арыз берген Жаңаөзендегі жапа шеккендердің туыстарының мүдделерін қорғап жүрген болатын. Өйткені сол кезде мемлекет атынан полицейлер әрекет еткен еді. Жалпы бұлар даусыз талап-арыздар, тек оған материалдар ұзақ жинақталады.

Бүгін Ақтауға Әселдің анасы ұшып кетті:

- Алдыңғы күні ғана онымен сөйлескен едім, бәрі дұрыс болатын. Ал кеше Facebook-тен қызымды қамауға алғанын білдім, - дейді Дина Сабытайқызы. – Өзіммен бірге Әселдің ұлын да ала кеткім келген. Ол кәмелетке толмағандықтан, бәлкім, сот осы фактілерді ескерер деп ойладым. Бірақ сенімхаттың жарамдылық мерзімі өтіп кеткендіктен оны тіркеуден өткізбеді.

Құқыққорғаушының анасының айтуынша, олар сот шешіміне шағымданбақ.

8 желтоқсанда белгілі болғандай, апелляциялық сот бастапқы шешімді күшінде қалдырды. Тоғжан Қизатованың айтуынша, Әсел биліктің бассыздығына наразылық белгісі ретінде аштық жариялапты:

- Жаңаөзен оқиғасында жапа шеккендердің баршасына өзінің міндетті түрде күресті жалғастыра беретінін жеткізуді өтінді. Ол Ақтау сотының қаулысын заңсыз, негізсіз және саяси тұрғыда негізделген деп есептейді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

10 желтоқсан 2012, 21:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.