Атырау, 25 қараша 04:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шахтадағы қайғылы жағдай (толықтырылды)

5 240 просмотра

6 желтоқсан күні күндіз Атырау облысының Индербор поселкесіндегі 300 метр тереңдіктегі иесіз жатқан тұз шахтасына 50 жастағы жергілікті тұрғын құлап кеткен болатын.

Қайғылы оқиға шамамен сағат 15.00-де орын алды. Ескі шахтадан құрылысқа қажетті-ау деген материалдар табамыз деп барған индерборлық екі тұрғынның бірі шахта құдығына жақындап келіп, аяғы тайып, ішіне түсіп кеткен.

Индербор поселкесінен 23 шақырым қашықтықтағы жер астынан 300 метр тереңдікте орналасқан №99 шахтада (игеру аумағы – 36 шақырым) борлы-калийлі, ас тұздары, бишофит кен көздері бар. 2005 жылдан бері иесіз жатқан шахта қараусыз жатыр. Оған кіретін жер де қоршалмаған. Жергілікті тұрғындар бұл жерден құрылыс салуға жарайтын материалдардың бәрін алып кеткен. Шахтаға түсетін лифт ұрланған. Ағаш баспалдақ болса, өртелген. Бұл туралы бұдан бұрын «АЖ» жазған болатын («АЖ» №6,  9.02.2012 ж. «Индерге қауіп тұз шахтасынан келмесін», «АЖ» № 52, 30.12.2010 ж. «Шахтадан шатақ шықты» жарияланымдарын қараңыз). Алайда, сақтандыру шаралары алынбады.    

Оқиға орнында Атыраудан келген құтқару тобы жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына арнайы жабдықталған көліктермен келіп жеткен Батыс Қазақстан аэромобильді құтқару тобының 4 қызметкері, «Ескерткіш қызмет-Қазақстан» мекемесінің 4 қызметкері кіреді.

Шахтаға белгісіз жағдайда түсіп кеткен Батырбек РЫСМҰХАНБЕТОВТЫҢ туыстары да келген. 6 желтоқсанда Батырбектің қасында болған жиені Асылбек ДІЛДАБЕКОВТЫҢ мәлімдеуінше, олар иесіз жатқан шахта басына келіп, кірпіш әкетпекші болыпты.

- Біз бұдан бұрын да келіп, осы жерден кірпіш алғанбыз. Себебі нағашым үй салғысы келді, мен оған көмектестім. Басында бәрі дұрыс болған. Мен ғимараттың төбесінде кірпіш бұзып жүргенмін, нағашым төменде еді. Кенет, мен оның жан айқайын естідім. Оның қалай түсіп кеткенін көргенім жоқ...

Қазіргі уақытта  шахта түбіндегі жерасты суы мен газ мөлшерін анықтау жұмысы жүруде.

- 200 метріне байқау жүрді. Су да, газдалған ештеңесі де анықталған жоқ,- деп хабарлады оқиға орнында жүрген Индер ауданы прокуроры Нұрлан ӨМІРЗАҚОВ.

Одан бөлек, бізге облыстық ТЖД-індегілер ТЖМ-нің тау-кен құтқарушылар бригадасының келуін күтіп отырғандарын хабарлады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

12 желтоқсан 2012, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.