«Сары Бөктер» шекара заставасының бұрынғы басшысы Алексей Фоминнің ісі бойынша сот тергеуін қайта бастады.
Қазіргі уақытта сот құпия материалдарды зерттеу үшін жабық режимге көшті.
Қорғаушы Ғалым Нұрпейісовтың сөзіне қарағанда, қайғылы оқиға күні Үшаралдың «Арқанкерген» шекара бекетімен байланыс болған.
Естеріңізге сала кетейік, 4 желтоқсанда мемлекеттік айыптаушы Қайрат Ермаханов Талдықорған әскери гарнизонының судьясы Ержан Абдуллиннан «Сары Бөктер» шекара заставасының бұрынғы басшысы Алексей Фоминді жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеумен 10 жылға соттауды сұрады. Алексей Фоминге қатысты қылмыстық іс 7 маусымда қозғалды, кейін ол сот санкциясымен қамауға алынды. Іс соттың қарауына 2012 жылдың 31 қазанында түсті.
А. Фоминге ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша айыптар тағылып отыр. Атап айтқанда, ол биылғы жылы мамырдың 28-і мен 30-ы аралығында «Арқанкерген» шекара бекетімен байланыстың болмағанын Үшарал шекара заставасының басшылығынан қасақана жасырғаны және оның себептерін анықтау мен қалпына келтіру бойынша шаралар қолданбағаны үшін, оқ-дәрілерді сақтағаны және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда.
Мәлім болғандай, 30 мамырда "Арқанкерген" бекетінен жанып кеткен 13 шекарашының мәйіттері табылды. Кейін тағы бір сарбаздың мүрдесі және шекара бекетінен алыс емес жерден орманшының өлі денесі табылды. Қызметтестерінің өлімін мойнына алған, тірі қалған шекарашы В. Челахқа 9 бап бойынша айыптар тағылды. Атап айтқанда, «Екі немесе одан көп адам өлтіру», «Адамның жеке затын қолды қылу», «Құпия материалдарды қымқыру», «Қару ұрлау», «Заңсыз қару алып жүру, «Әскери мүлікті қирату», «Қашқындық» және «Өзгенің үйіне заңсыз баса-көктеп кіру».
Дереккөз: inform.kz