Ақсай кәсіпкерлері Қызылқоға ауданының Миялы ауылындағы өкпе аурулары ауруханасын жылусыз қалдырды.
Медицина қызметкерлері палаталарды электр пештерінің көмегімен жылытуға мәжбүр болды.
Аурухананың бас дәрігері Аслан ЕСЕНЖАНОВ болса, жылуға қатысты кідірістерге әкімшіліктің кінәсі жоқ деп отыр.
Ауруханаға қажетті 24 тонна дизель отынын 12 қазанға дейін жеткізу міндетін өзіне ҚР мемлекеттік сатып алулар веб-порталындағы байқауды жеңіп алған Ақсай қаласындағы «Матворд» ЖК (Павлодар облысы) алған.
Дизель отынының жарты бағасын, яғни 1 млн теңге – бірден ЖК есепшотына аударылған. Алайда, дизель отыны әлі күнге дейін жоқ.
- Бізге қалған қаржыны Миялы селосындағы «Сағынтаев» ЖК-ның есепшотына аударуымызға тура келді. Дизель отыны ауруханаға жеткізілді,- дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз ШАЯХМЕТОВ.
- Сонда газге толық қосылған ауданда аурухананың дизель отынымен жылытылуы қалай?
- Ауруханаға газ құбыры жеткізілді, тек насос мәселесі ғана шешілген жоқ. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы павлодарлық кәсіпкердің үстінен Атырау облысы ауданаралық экономикалық сотына шағым түсірді. Қаржы сомасы өндірілгеннен кейін оны жергілікті кәсіпкердің есепшотына аудару көзделіп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА