Атырау, 16 қазан 11:57
 ашықВ Атырау +17
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Жанкешті тірлік

2 862 просмотра

Ресми статистикаға сәйкес, Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында кедей тұратын отбасылар жоқ, тек қалаға күнкөріс қамымен жан сауғалап кеткен жұмыссыздардың бос қалған ондаған үйлері бар.

«БАЛАЛАРЫМ - СҮЙЕНІШІМ»

Жаңылғаным ҚАРАЕВА (суретте) бізді өзінің үйінің алдынан қарсы алды. Үй деген аты болмаса, қораға ұқсас сұрықсыз саман үйдің сылақтары түсіп жатыр. Тіреуіштерге сүйеніп, құлайын деп әрең тұр. Бірақ, ол осының бәрін көрмейді, біледі, бірақ көрмейді. 

- Бұрын аяқ астымдағыны шамалы көретінмін. Ал қазір тұтастай тұманданып, бұлдырайды да тұрады, - дейді Жаңылғаным.

Көзінің көруін тексертіп, емделу оның ойында жоқ, ең бастысы – оқушы балаларын тамақтандырып, үйдегі жылуды сақтап қалу.

Ол бізге көрпені сипалап тауып алып төседі.

- Сіз қорықпаңыз, мен бұл үйде қай зат қай жерде тұрғанын жақсы білемін. Күні бойы үйдемін ғой, балаларыма көмектесуге тырысамын. 

Ортасын пешпен бөлген үй өте салқын. 

- Биыл жазда 11-ші сыныпта оқитын ұлым Талғат (суретте) еңбек етіп, бір арба қи алды, - дейді мақтанышпен Жаңылғаным. - Оны қораға жинап қойдық. Көктем шыққанша соны үнемдеп жағуымыз керек.

9-шы сыныпта оқитын қызы Алмагүл тамақты пісірерде отты кешке жақын бір жағады екен. Бірақ қидың аздығынан үй таң атқанша қайтадан салқындап кетеді.

Жаңылғанымның 10 шақты қойы мен ешкісі бар, одан бөлек, 1 сиыр ұстайды. І топтағы мүгедектігіне байланысты 27 мың теңге жәрдемақы алады.

- Осы айға тиесілі зейнетақым шөпке кетеді, қарызға малға шөп алғанбыз. Өткен айда бір қап ұн мен вермишель алып қойғанбыз. Қалғанын дүкеншіден қарызға жаздыртып аламыз деп отырмыз. Дүкеншілер береді, алатын жәрдемақым бар ғой, - дейді Жаңылғаным.

Оның жалғыз ғана сүйеніші мен тірегі - балалары. Күйеуі қайтыс болған. Сондықтан отбасының ауыртпалығы үлкен ұлы Талғатқа түскен. Ол мектептен келе сала малға пішен салып, суарады.

- Ұлым мектеп бітіргеннен кейін оқуын жалғастырғысы келеді. Балаларымды Атырауға жіберемін. Мүмкін, қаладан жұмыс табар, ал оқуды сырттай да оқуға болады. Бірақ, балаларым мені жалғыз тастап кетуге қимайды, қорқады, - дейді Жаңылғаным. 

 

ЖӘРДЕМАҚЫҒА ТЕЛМІРТКЕН ӨМІР

Нәсіпқали УРАЗОВТЫҢ отбасы мүгедектігіне байланысты берілетін 20 мың теңге жәрдемақы мен әйелінің азғантай табысына өмір сүріп отыр.

- Қан қысымым көтеріліп кетеді, - дейді Нәсіпқали. - Бірнеше жыл бұрын аяғым да, қолым да істемей қалған болатын. Қазір жүріп тұра алатын жағдайға жеттім. Анда-санда әйеліме әктеп-сырлау, сылақ жұмыстарын жүргізіп беру туралы ұсыныстар түсіп жатады.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Уразовтар отбасының өз үйлері де жоқ. Қазір олар ауылдасының үйінде тұрып жатыр. Бірақ, бұл қашанға дейін созыла қойсын?

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 желтоқсан 2012, 17:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.