Атыраулық қыздар арасында жылқы сусабынын қолдану сәнге айналуда.
Аян – жануарлар сататын дүкеннің иесі. Дүкен сөрелерінен иттер мен мысықтар жүндерін күтуге арналған әр түрлі косметикалық құралдармен қатар жылқыларға арналған сусабынды да кездестіруге болады. Дәл осы дүние әйелдер арасында үлкен сұранысқа ие.
- Мен бұл мәселенің бүге-шігесіне қанық емеспін, дүкенге келушілер жылқы сусабыны бар ма деп жиі сұрайтын, сондықтан да сатылымға әкеліп қойдым. Олардың барлығының жылқылары болмас, бірақ бұл мені алаңдатпайды, менің жұмысым сұранысты қанағаттандырып, пайда табу, - дейді Аян өз сөзінде.
Жануарлар дүкені ештеңе емес-ау, мен осы жақында жалыны жарқыраған жылқы суреті бар сусабынды дәріхана сөресінен көрдім. Сусабын ыдысын мұқият зерделегенде, сұраныстың жоғарылығын сезген сусабын әзірлеушілер керемет айла тауып, «Адамдарға арналған ат күші» деген атаумен сусабынды сатылымға шығарған екен. Жылқы сусабынының құны «Адамдарға арналған ат күші» сусабыны сияқты – 3000 теңгенің айналасы. Сұлулық салондары мен шаштараздарда шеберлер қолданатын «адамдар» сусабынының да бағасы осындай.
Жылқы күтіміне арналған құралдарды қолданушылар мұның құрамында химиялық заттар аз, табиғи қоспалар көп дейді. Жылқы сусабыны құрамында пайдалы коллаген мен ланолин бар. Міне, осы заттар, интернеттегі комментарийлерге сенсек, әр тал шашқа әсер етіп, оны ауыр да жалтыратып көрсетеді екен.
Бұл қаншалықты қауіпсіз? Осы сұрақпен біз жұқпалы тері аурулары диспансері дерматологтарына жүгінген едік. Олар мұндай сән туралы естімегендерін және осындай сусабындардың адам терісіне әсері туралы еш нәрсе айта алмайтындарын білдірді. Телефон арқылы Қазақстан эстетикалық медицина және Пластикалық Ота Қауымдастығымен де байланысып көрдік. Ондағылар әңгіменің не туралы екенін бірден түсіне алмады, ал түсінгеннен кейін Атырау сәнқойларының таңдауына қатты таңданды.
Атын атамауды өтінген бір мал дәрігері аз да болса мәлімет берді. Оның айтуынша, бұл күтім құралдары жануарлардың қандай ма бір түрлерінің физиологиялық ерекшеліктері бойынша дайындалады:
- Бұл жылқы сусабынының құрамы «адамдар» сусабынынан табиғилығы жағынан тиімді деген пікір қате. Мәселе сусабын құрамындағы қоспалардың мөлшерінде. Жылқы сусабынында жылқылық мөлшер қолданылған. Ол жылқы терісінің адам терісінен едәуір қалың болатындығына және тер мен май бездерінің көптігіне байланысты арнайы шығарылған. Бұл сусабында қарапайым сусабынға қарағанда сілтілер көп. Сондай-ақ, бұл құралмен жылқыларды өте көп мөлшерде жиналған ластар мен қатып қалған терді тазарту үшін жуындыратынын ескерсек, осындай қатты әсерлі сусабынмен адам терісін, шашын жусақ, не боларын көзге елестету де қиын-ақ.
Бұл тақырыпқа стилист-шаштараз В. Воробьевты да тартқан едік. Одан да тұтынушы қыздар осы жылқы сусабыны туралы көп сұрайды екен:
- Жылқыларға арналған арнайы сусабындар таза күйінде қолданылмайды, оларды суға езіп, даярлайды. Бұл адамдар үшін де жарамды мөлшерді есептеу керек деген сөз. Алайда бізде мұндай мамандар жоқ. Сондықтан да, алғашқы уақытта сіз керемет әсер алсаңыз да, жарты жылдан кейін көз жасыңызға ерік беретініңізді ұмытпаңыз. Меніңше, сұлулық үшін өзіңе осындай сынақ жүргізудің қажеті жоқ.
Тамара СУХОМЛИНОВА