Бүгін, 4 желтоқсанда Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Қазақстан Республикасынің Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Корея Республикасы Мемлекеттік басқару және қауіпсіздік министрлігінің арасында өзара түсіністік туралы тиісті Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Кореядағы ҚР елшілігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық тараптан құжатқа Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов, ал Оңтүстік Корея тарапынан Кореяның мемлекеттік басқару және қауіпсіздік министрі Менг Хён Гю қол қойды.
Меморандум мемлекеттік қызмет саласында тығыз ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды, сарапшылардың семинарлары мен отырыстарын өткізуді, біріккен бағдарламаларды әзірлеуді, екі мемлекет территориясындағы халықаралық және екіжақты шараларға қатысуды, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік қызметкерлеріне арналған өзара курстар мен тренингтер ұйымдастыруды қарастырады.
Оңтүстік Корея мемлекеттік қызметінің нақты иерархия қағидалары мен қоғам заңдарына негізделген көп ғасырлық тарихы мен дәстүрі бар. Мемлекеттік қызметкер мәртебесі мұнда халық арасында үлкен құрметке ие, жоғары және құрметті атақ болып табылады, және негізінен бұл аталмыш саладағы дұрыс құрылған үкімет саясатының үлесі.
Сапары барысында қазақстандық делегация сондай-ақ Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында, Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Тәуелсіз комиссияда, Сеул ұлттық университеті мен Корей озық ғылым және технология институтында болып, олардың басшылығымен Бәйменов екіжақты жне көпжақты үлгіде ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, сондай-ақ тәжірибе және мамандар алмасу саласында өзара әрекеттесу келешегін талқылады.
Дереккөз: bnews.kz