Көрнекі сурет (облыстық мәслихаттың жазғы сессиясы)30 қарашада өткен облыстық мәслихаттың сессиясында 2012 жылдың облыстық бюджетіндегі өзгерістер күн тәртібінде қаралған басты мәселе болды.
СОТТА КЕЗДЕСЕМІЗ
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жәрдемғали АХМЕТОВТЫҢ айтуынша, бюджеттен ақша бөлуді мердігер фирмалардың келісім-шарт міндеттемелерін орындамауына байланысты 3 млрд теңгеге қысқартуға тура келген. Сотқа бұрын төленген сомаларды қайтару туралы талап-арыздар жолданған.
Әңгіме келесі жобалар туралы болып отыр: несиелік баспана құрылысы (мердігер «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС), Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы канализациялық тазарту стансасының (КТС) құрылысы («СнабОйлСтрой» ЖШС), Мақат поселкесіндегі КТС құрылыс («Ремстрой» ЖШС), каналдар мен су қоймаларын суландыру («ЦентрСтрой ЛТД» ЖШС), Жайық өзенінің гидрологиялық режимін жақсарту және Құлсары қаласындағы емхана құрылысы («МұнайҚұрылысСервис» ЖШС). Атыраудағы №2 сүзгілеу стансасын қайта жарақтау кейінге қалдырылды. Өйткені Память Ильича поселкесіндегі №5 сүзгілеу стансасын пайдалануға беру мерзімі кейінге қалдырылған. Егер №2 стансаны қайта жарақтау жұмыстарын қазір бастаса, қалада ауыз су тапшылығы туындамақ. 699,1 млн теңгеге Индер-Махамбет магистральды газ құбырының апатты учаскесін ауыстыру бас прокуратура тексеру жүргізіп жатқандықтан тоқтатылған. Махамбет, Құрманғазы және Исатай аудандарындағы елді мекендерді 447,7 млн теңгеге электрлендіру жұмыстары жобаға өзгерістер енгізу қажеттігіне байланысты тоқтатылды.
АЙБАТТЫҢ ОРНЫНА ӘДІЛ
Облыстық бюджеттен Құрманғазы ауданының бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысына – 44 млн теңге, облыстық мәдениет және денсаулық сақтау басқармаларына – 30 млн теңге, Исатай ауданындағы каналдарды күзгі маусымда толтыруға – 8 млн теңге, мемлекеттік мекемелер үшін компьютерлік техникалар сатып алу және «Парус.Каз.Бюджет» бағдарламалық қамтуды орнатуға – 32,9 млн теңге қосымша қаржы бөлу қарастырылды. Кіріс бөлігінің орындалмауына байланысты облыстық бюджеттен Исатай аудандық әкімдігі (50 млн теңге) мен Махамбет ауданының әкімдігіне (40 млнтеңге) трансферттер бөлінеді. Мектептегі балаларды ыстық тағаммен қамтамасыз етуге 29,4 млн теңге, «Бейбарыс» хоккей командасын қаржыландыруға – 100 млн теңге бөлінбек.
Одан кейін аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау ИБРАШЕВ сөз алып, «СнабОйлСтрой» ЖШС директоры Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ депутаттық өкілеттігінен босатылғаннан кейін №24 учаскедегі сайлау қорытындылары туралы мәлімдеді. А. Ибрашевтің айтуынша, 25 қарашада дауыс беру құқығы бар 11 мың адам тұратын учаскеде 10 мың адам дауыс берген, яғни 100 пайызға жуық сайлаушылар келген. Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Бисенбай ЕРҒАЛИЕВ пен Нұрғиса ҚАБЫЛОВ тиісінше 929 бен 1 200 дауыс жинаған, қалғандары «БатысАльянсСтрой» ЖШС директоры, «Қазақстан» мейманханасының қожайыны Әділ ЖҰБАНОВҚА (суретте) дауыс беріп, ол облыстық мәслихат депутаттығына сайланды.
Ә. Жұбанов бірден депутаттық бюджет комиссиясына басшылық етуге тағайындалды. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ оған және ол арқылы барлық депутаттарға бюджет қаржыларының бөлінуіне және әрі қарай мақсаттық пайдаланылуына мұқият бақылау жасап отыруға тілек білдірді.
«ПИК ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ ЖАРТЫСЫ - ҰРЫЛАР»
Өз сөзінде облыс әкімі айтарлықтай бірнеше мәлімдемелер жасады.
«Президентке облыстарда мүдделері құқыққорғау органдарымен қорғалмайтын кәсіпкерлерден көп шағымдар түсіп отыр. Облыс әкімдеріне осы мәселелерді шешуге нұсқау берілді. Егер проблемаларыңыз сотта шешілмесе, маған тікелей хабарласыңыздар».
«Облыста республикалық бюджеттен бөлінген қаржылардың игерілмеуі өткір мәселе боп отыр. Ел бюджетіне қаржының бір бөлігін қайтардық. Бірақ бүгінде игерілмеген тағы 2,2 млрд теңгеге қатысты проблема туындап отыр. Жобаларды орындау міндетін алған мердігерлердің ұяттары жоқ деп айта алмаймын, оларда жауапкершілік сезімі жоқ.»
«ПИК төрағаларының жартысы тұрғындар жинаған қаржыны иемденумен айналысады. Мен құқыққорғау органдарына осы кооперативтердің қызметтерін тексеруге нұсқау бердім. Ұрыларды сотқа беру керек».
«Шағын және орта бизнесті тексеруге тыйым салынды, енді бақылаушы органдардың барлығы бюджеттік мекемелерді тексеруге кіріскен. Мұны тез арада доғару керек. Адамдардың текке берекетін алмаңыздар!»
«Баспананы жалға берушілер салық төлеп отыр ма, тексеру керек. Құлсарыда жалдамалы пәтерде қаскөйлердің бомбалар жасағандығы бізді көп нәрсеге үйретті. Пәтер қожайындары заң бойынша пәтерді жалға алушылардың құжаттарын тексеріп, тіркеп отыруы тиіс.
«Бүгінде ІІД-де кадрлар тапшы болып отыр. Құлсарыдағы жағдай орын алғанда олардың қажетті көліктері мен киім-кешектері болмады. Келер жылы біз полицейлердің маңызды проблемаларын шешу үшін қаржылар бөлеміз. Бізге құқықтық тәртіп керек».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор