1 желтоқсанда сағат 17-де рейд барысында су полициясының қызметкерлері Каспий теңізінің қазақстандық акваториясынан «Ямаха-200» маркалы екі аспалы моторлы байданы ұстады. Бұл туралы Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВА хабарлады.
Бортта Дағыстан Республикасының 1977, 1981 және 1983 жылы туылған үш тұрғыны болған. Сол жерде полицейлер «Гармин-12» маркалы GPS-навигатор, 2 зәкір, жанармай құйылған алты 200 литрлік бөшке мен кесектелген бекіре тұқымдас 30 келі балықты тапқан.
2 желтоқсанда Атырау – Астрахан көлік жолындағы Исатай ауданының Тұщықұдық поселкесіндегі теміржол өткелінде АІІБ мен жол полициясының қызметкерлері балық тиелген екі «Мицубисси-Монтеро Спорт» автокөлігін анықтаған. Ілеспе құжаттарсыз бір джипте 615 келі, екіншісінде 695 келі сазан болған. Екі жүргізуші де Батыс Қазақстан облысының тұрғындары.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ