Regnum ақпарат агенттігі хабарлағандай, тексеруді бастау шешімі ағымдағы жылдың көктемінде қазақстандық билік тарапынан Швейцарияға құқықтық көмек көрсету жөніндегі сұранысына байланысты қабылданды.
Телеарнаның берген ақпараттарына қарағанда, қазіргі уақытта Храпунов отбасының Credit Suisse және Schroder & Co Bank AG банктеріндегі есепшоттары жабылды, сондай-ақ барлық құжаттар тәркіленді. Прокуратура Алматының бұрынғы әкіміне 300 млн. швейцариялық франк көлемінде қаражаттың (322,6 млн. доллар) қайдан келгенін анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, Храпуновқа қатысты Қазақстанда 20 қылмыстық іс қозғалды. Қазақстандық тергеу органдарының мәліметінше, 2003 жылдан бастап 2007 жылға дейін Храпуновтың отбасы Швейцариядағы шетелдік есепшоттарға және офшорлы аймақтарға 48 млн.-нан астам доллар және 7 млн. еуро сомасында қаражат аударған. Ағымдағы жылдың қазан айында Виктор Храпуновтың жұбайы Ләйлә ірі көлемде қаржы жымқыру, алаяқтық фактілері бойынша іздеуге жарияланған болатын.
Дереккөз: inform.kz