Атырау, 29 қараша 13:45
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Аналардың мұсылман балаларға үндеуі

2 980 просмотра

Құрметті мұсылмандар!

Сіздерге 233-ші «Терроризм» бабы бойынша сотталып, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылған атыраулық балалардың аналары үндеу жолдайды. Тергеу жүргізіліп, сот басталғанға дейінгі бір жылдың ішінде басымыздан қандай күй кешкенімізді сөзбен жеткізе алмаспыз. Ал, біздің қазіргі - балаларымыздың темір торға қамалған уақыттағы жай-күйімізді дұшпанымыздың басына бермесін деп тілейміз...

Кеңестік атеизмнің 70 жылдық дәуірінен соң балаларымыз дінге бас қойып, намазға жығылды. Біз бұдан еш жамандық көрмедік, қайта керісінше, маскүнемдіктен, нашақорлықтан және басқа да жат қылықтардан аулақ болады деп қуандық.

Бірақ, біздің оң-солын танып үлгермеген балаларымыз, тіпті, өмірлік тәжірибеміз бар біз, ата-аналар исламда шииттер, сунниттер, салафит, құраншылар және басқа түрлі ағымдардың болатынын білмеппіз. Сондай-ақ, исламның атын жамылып ашықтан-ашық жауласқан идеологияның барын да сезінбеппіз. Біздің балаларымыз болса, солардың жігін ажырата алмай қателікке ұрынды.

Ақылдылар басқаның қателіктерінен үйренеді деп айтады ғой. Сондықтан да ақылды болыңдар дегіміз келеді! Мұндай қателіктерді қайталамаңдар! Сендердің әрқайсыларыңның сендер үшін, яғни, өзінің баласы үшін не нәрсеге болса да дайын тұратын аналарың бар. Және сендер біздің қандай күйді бастан кешіп отырғанымызды түсінуге тиіссіңдер. Ал, біздің басымыздағы жайтты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүниеге әкелген, жөргекке орап, әлдилеп, тәрбиелеп өсірген, білім беріп, сол перзенттеріне үміт артып, солар арқылы бақытқа жетем деп сенім артқан балаларымыз кенет ең ауыр жаза арқалаған қылмыскер болып шыға келді. Қай анаға болсын өз баласынан артық бала жоқ.

Балалар жаза басты, қателікке ұрынды, бірақ, олардың бұл шалыс басуы олардың мойнына ауыр жазаны ілді, олар бостандықтарынан айырылды, туғандары мен жақындарының күн сайынғы қуаныштарын сезінуден қалды, кішкентай ұл-қызының қалай өсіп келе жатқанын көруден, адамға бір рет және қысқа болып берілетін бақытты өмірдің сәттерін жоғалтты.

Біздің балаларымыз өз қателіктерін кеш түсінді. Олар өздерінің сана-сезімдерінің уланып, радикалды діни ойындардың ойыншығына айналып, өздерін тек мақсаттары үшін пайдаланғандарын тек енді ғана түсінді.

Оларға «мұсылман бауырларға» көмек керек деп ұран тастап, олардан ақша жинап, «жүйелі маркетинг» сызбасы бойынша пайдаланған, ал, сол ақшалар олардың жеке қажеттіліктері мен ойын-сауықтарына жұмсалған. Балалар осының бәрін қазір біліп отыр және отбасының соңғы тиын-тебенін солар үшін тартып әкеткендеріне өкінеді. Көпшілігінің басын «жалған жихадпен» қатырды. Қазір балалардың жалған мұсылмандықтың қитұрқы құпиялылығына көздері жетті. Олар өздерінің қателіктерін түсінді және сендерден сол қателіктерді қайталамауды және кез-келген «уағызшының» соңынан ілеспеуді сұрайды.

Біз, аналар, балаларымыз үйге аман-сау оралады деген үмітпен ғана өмір сүріп жатырмыз, оларды күтіп жүрміз.

Біз сендерден қандай да болмасын қастық әрекеттерге жол бермеулеріңді өтінеміз, барлық радикалды пікірлер, оның үстіне қандай болмасын әрекеттер онсыз да халдері мүшкіл балаларымыздың жағдайын қиындата түседі.

Егер елімізде діни экстремизм лаңкестіктері мен басқа да заңға қайшы әрекеттер болмаса, тек сонда ғана біздің балаларымыз бостандыққа мерзімінен бұрын шартты түрде шыға алады.

Сондықтан да біз сендерден сотталып, түрлі жаза алған 42 баланың аналарының жан айқайына құлақ асуларыңды жалынып сұраймыз. Лаңкестікке байланысты әрбір жағдай біздің жүрегімізді тіліп өтіп, көзімізге жас үйіреді.

Біз Қазақстан мұсылмандарынан – БІЗДІҢ СӨЗІМІЗГЕ ҚҰЛАҚ АСЫП, ТҮСІНІСТІК ТАНЫТУЛАРЫҢЫЗДЫ сұраймыз! Біз өз балаларымызды, жұбайлары өз азаматтарын, балалар өз әкелерін күтіп отыр. Қайырымды да мейірімді Алла атымен сұраймыз! 

Сапаралиева Г., Матжанова Ж., Дүсіпова У., Бейсова А., Вейсалова В., Шопанова С., Сүйінішқалиева Ш., Әмірғалиева, Қайрошева А., Медеубаева Ф., Базарғалиева Г., Санбаева Р., Нұрғалиева М., Қумысова Л., Фахиева Г., Таубаева М., Шұғаева Р.

28 қараша 2012, 21:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған