Молдағұлова көшесіндегі жеке үйде өзін-өзі жару фактісі бойынша жүргізілген тергеу жұмыстары, Құлсарыдағы арнайы операция, Атырау қалалық ІІБ полицейлеріне жасалған шабуыл және «Көктем» ықшамауданындағы арнайы операциялар туралы «Ақ Жайық» газетіне Атырау облыстық ҰҚКД тергеу-жедел тобының жетекшісі Амангелді ӘБІЛҒАЛИЕВ әңгімелеп берді.
МОЛДАҒҰЛОВА КӨШЕСІНДЕГІ ЖАРЫЛЫС
«2012 жылдың 5 қыркүйегінде Молдағұлова, 94 мекен-жайы бойынша қолдан жасалған жарылыс құрылғысын құрастыру кезінде салафизм ағымын ұстанушы Нұрлыбек САҚАУОВ өзін-өзі жарып жіберді. Оқиға болған жерді тексеру кезінде қолданылуға дайын біреуі электрлі әдіспен және екеуі тұтандыру арқылы жарылатын үш қолдан жасалған жарылыс құрылғысы, сондай-ақ, жарылыс құрылғыларын дайындайтын компоненттер мен тетіктер табылып, тәркіленіп алынды.
Сақауовтың байланыстарын анықтау мақсатындағы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде оның үстіміздегі жылдың қаңтарында құрылған лаңкестік топтың мүшесі болғаны анықталды. Бұл лаңкестік топ құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасау жоспарын құрған. Осы топтың қызметі 2012 жылдың мамырынан бастап, Жарас СҮНДЕТОВ ұсталғаннан кейін жандана бастаған.
Тергеу барысында лаңкестік топтың құрамында Атырау мен Маңғыстау облыстарының тұрғындары қатарынан салафизм ағымын ұстанушы 26 адамның болғаны анықталды. Бастапқыда олар Құлсары қаласының тұрғындары С.Е. және Ж.Д. басшылық еткен екі дербес топқа бөлінген. Топтар Нұрлыбек Сақауов арқылы байланыс жасап отырған. «С.Е.» лаңкестік тобының мүшелері өз қызметтерін қаржыландыру үшін ірі мүйізді қара мен ұсақ жандықтарды, көліктің қосалқы бөлшектерін ұрлауды кәсіп қылған. Топ мүшелерін идеологиялық тұрғыда дайындау А.И., С.С., Т.Е.-ге, ал қолдан жасалған жарылыс құрылғыларын дайындау мен қолдану тәсілдерін үйрету Н.Сақауовқа жүктелген.
ДАЙЫНДЫҚ
Биылғы жылдың мамырынан бастап аталмыш тұлғалар Атырау және Маңғыстау облыстарының ҰҚКД мен ІІД ғимараттарына шабуыл жасау және құқық қорғау мен арнайы органдардың қызметкерлерінің өміріне қол сұғуды мақсат еткен террористік актілерді жасауға белсенді дайындық жасай бастаған.
Лаңкестік топ мүшелері Алмагүл ықшамауданы, 7-үйдегі пәтерді жалға алып, сол үйдің тұрғындарының өмірін қатерге тігіп, қолдан жасалған жарылыс құрылғыларын дайындау тәсілдерін үйренген. Сондай-ақ, топ мүшелері Атырауда ұсталып қалудан қауіптеніп, Маңғыстау облысына кетіп, сол жерден қолдан жасалған жарылыс құрылғысын дайындау және оларды далалық жерде жару арқылы қолдану әдістерін үйренген.
Сол жерде лаңкестік топтың қызметіне Маңғыстау облысының екі тұрғыны И.А, А.А. тартылған. Олардың алдына Атырау қаласындағы терактілермен қатар бір уақытта Маңғыстау облыстық ІІД мен ҰҚКД ғимараттарына террористік актілер жасау жөнінде мақсат қойылады. Сол жерде екі револьвер, патрондары бар пневматикалық винтовка, патрондары бар аңшылық қару, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын дайындайтын компоненттер мен тетіктер сатып алынып, Қызыл Төбе елді мекенінің маңындағы карьердегі жасырын орынжайға жасырылған.
Бұдан басқа, Т.Е. дәрімен атылатын қару, қосауыз аңшылық мылтығын және оның 50 патронын иеленіп, лаңкестік топтың басқа бір мүшесі Б.А.-ның Атырау, Көктем ықшамауданы, Транспортный көшесіндегі тұрғылықты мекен-жайында заңсыз сақтаған.
Қару іздеу үшін лаңкестік топ мүшелері Шымкентке барады. Бірақ ол жерден дәрімен атылатын қару сатып ала алмай, екі зақымдаушы тапанша алған.
Лаңкестік топтың мүшесі, Миялы поселкесінің тұрғыны А.И. тегіс оқпанды аңшы қаруын, патрондар иеленген. Үстіміздегі жылдың шілде айында лаңкестік топтың жетекшісі С.Е. өз тобының мүшелері жинаған ақшалай қаржыға Сауд Арабиясына аттанады. Сол жерден топ мүшесі А.И. ұйымдастырған өткізу арнасы арқылы халықаралық террористік ұйымдарға қосылып, терактілер өткізу тәсілдерін үйреніп және ҚР аумағында лаңкестік актілер өткізу кезінде өзара әрекет етуді мақұлдасу үшін халықаралық террористік ұйымдармен байланыс орнату мақсатында ауған-пәкістан аймағына немесе Сирияға шығып кетуді көздейді.
АҚША ЖИНАУға -ҚҰЛСАРЫҒА
Сақауов өзін-өзі жарып жібергеннен кейін жедел-іздестіру шараларының барысында үстіміздегі жылдың 7 қыркүйегінде осы топтың төрт мүшесі ұсталып, қамауға алынды.
Олардың біріне Құлсарыдағы мекен-жайы бойынша тінту жүргізу кезінде жарылыс құрылғысын дайындауға арналған компоненттер мен тетіктер табылып, тәркіленіп алынды.
Топтың екі мүшесі К.С. пен Ж.С. ұсталудан және қамауға алынудан қауіптеніп, «Ж.Д.» лаңкестік тобына бірігіп, олардың әміріне бағынуға, адал болуға ант береді.
2012 жылдың 7 қыркүйегінде аталмыш тұлғалар құқық қорғау органдарынан бой тасалап, Құлсарыға келіп, сол жерде Бірінші ықшамауданда - радикалдық көзқарастағы ағайынды үш жігіттің мекен-жайында жасырынған. Сол жерде Ж.Д. ағайындыларға террористік топқа кіруді ұсынады. Ағайындылар келісімдерін беріп, оның әміріне бағынып, оған «Баят» деп аталатын адалдық антын береді.
2012 жылдың 8 қыркүйегінде аталмыш тұлғалар құқық қорғау органдарынан бой тасалап, ағайынды жігіттердің бірінің ұсынысы бойынша оның Құлсары қаласы, Бірінші ықшамаудан, 22-үй, 51-пәтер мекен-жайындағы пәтеріне орын тебеді. Содан кейін ашық сатылымнан жарылыс құрылғыларын дайындау үшін компоненттер мен тетіктер сатып алып, жарылыс құрылғыларын қолдан жасай бастайды.
Сол күні әмірдің нұсқауымен бауырлардың бірі Құлсарыдан пойыз арқылы Маңғыстау облысына сол жердің тұрғындары қатарындағы террористік топтың мүшелерімен кездесіп, Құлсарыға жасырылған қаруларды, жарылыс құрылғыларын жасайтын компоненттер мен тетіктерді жеткізу және діндес бауырларынан қару мен жарылғыш заттарды сатып алу үшін ақшалай қаржы жинауға барады.
2012 жылдың 10 қыркүйегінде лаңкестік топтың мүшесі Н.К. өзімен бірге қолдан жасалған бір жарылыс құрылғысын ала кетіп, оны арқақабына жеке заттарымен бірге салып, діндес бауырларынан өз тобына ақшалай қаржы жинау үшін Атырауға аттанады. Қолдан жасалған жарылыс құрылғысын ол ұсталған жағдайда құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне қарсы қолданбақ болады.
2012 жылдың 11 қыркүйегіндеол Атырау қаласындағы Қарағанды көшесінің бойында №5/1 үйдің жанынан ұсталды. Осы мекен-жай бойынша оның уақытша тұрып жатқан жерін тексеру кезінде арқақабынан ол қолдана алмай қалған қолдан жасалған жарылыс құрылғысы табылып, тәркіленіп алынды.
51-ПӘТЕРДЕГІ ШЕЙІТТЕР
2012 жылдың 12 қыркүйегіндесағат 9.40-тан 12.20-ға дейінгі аралықта Құлсары, Бірінші ықшамаудан, 22-үй, 51-пәтер (3-қабат) мекен-жайы бойынша лаңкестік топтың алты мүшесін арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоршауға алды. Берілу ұсынысынан террористік топтың мүшелері бас тартып, өз денелеріне бекітілген қолдан жасалған жарылыс құрылғыларын іске қосып, қарулы қарсылық көрсетті.
Бірінші болып, әмірдің нұсқауымен У.Е. өзін-өзі жарып жіберді. Пәтерде болған кезде денесіне орнатылған жарылыс құрылғысын тұтандырып, балконға полиция қызметкерлері кіріп кетті деп есептеп, сол жерге жүгіріп шығады. Балконда жарылыс құрылғысы жарылып, ол сол жерде қаза болады.
Келесі болып тұтандырылған жарылыс құрылғысымен балконға И.Р. жүгіріп шығады. Ол балконнан секіріп түсуге әрекеттенгенде, мергеннің атқан оғынан мерт болады. Содан кейін денесіне орнатылған құрылғы іске қосылып, жарылыс орын алады.
Содан соң пәтерден баспалдақ алаңына тұтатылған жарылыс құрылғысымен әмірдің бауыры Ж.С. жүгіріп шығып, арнайы жасақ қызметкерлері тұрған 4-қабатқа жүгіреді. 3-ші және 4-ші қабат аралығындағы алаңқайда құрылғы қопарылып, жарықшақтардан алған жарақаттан ол сол жерде көз жұмады.
Өзін-өзі жаруға келесі нұсқауды С.А. алады, алайда ол пәтерден шығып үлгермейді, өйткені жарылғыш құрылғысы пәтердің кіре берісінде жарылады.
Содан соң баспалдақ алаңына тұтатылған жарылыс құрылғысымен К.С. жүгіріп шығады. Құрылғы баспалдақ алаңының 3-қабатында іске қосылып, ол сол жерде қаза болады.
Соңғы боп пәтерден топтың әмірі Ж.Д. жүгіріп шығып, денесіндегі жарылыс құрылғысын үшінші және екінші қабат аралығындағы баспалдақ алаңында жарады. Алған жарақат салдарынан ол сол жерде көз жұмады.
Төртінші болып өзін жарған топ мүшесі С.А. (Сапаров Алдияр) жарылыс құрылғысының жарықшақтарынан жарақат алып, тірі қалады. Ол Жылыой қалалық ауруханасының хирургия бөліміне жеткізіліп, оған сол жерде жедел медициналық көмек көрсетіледі.
Әрі қарай жедел-іздестіру шаралары барысында топтың Құлсары қаласындағы бір мүшесі және Маңғыстау облысындағы үш мүшесі қолға түседі.
ҚІІБ-НЕ ШАБУЫЛ
Сол күні, 2012 жылдың 12 қыркүйегінде құқық қорғау органдарынан жасырынған лаңкестік топтың мүшесі Т.Е, Құлсары қаласында лаңкестік топ мүшелерінің өз-өздерін жарғандығы туралы білген соң, Атырау қаласының үш тұрғыны Б.А, С.А. және Д.Е-ні лаңкестік топтың қатарына тартады. Аталмыш тұлғалар «Молотов коктейлі» деп аталатын 25 бөтелке өртегіш қоспа дайындайды. Жанғыш қоспа ретінде АИ-80 маркалы бензинді пайдаланып, оларды сыйымдылығы 0,5 және 0,33 литр болатын шыны бөтелкелерге толтырады. Білте ретінде шүберек жыртындыларын қолданып, бөтелкеге скотчпен бекітеді.
2012 жылдың14 қыркүйегінен 15-іне қараған түні 00 сағат 15 минутта аталмыш тұлғалар қосауыз аңшы қаруымен, пневматикалық газ-баллонды тапаншамен, балтамен және пышақпен қаруланып, Исатай-Махамбет алаңында қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген полиция жасағы сержант Т. ЖҰМАҚАЕВ пен Е. ШУКАЕВҚА қарулы шабуыл жасайды. Олардың мақсаты дәрімен атылатын табельдік қаруды алу болатын. Шабуыл барысында Жұмақаев бытыралы оқ жарақатын алады. Алайда жаралы сержант қарулы қарсылық көрсеткен соң, олар қылмыс орнынан бой тасалайды. Әрі қарай шамамен 00.20 минутта сол түні аталмыш тұлғалар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қастандықпен қауіп төндіріп, Атырау қалалық ІІБ басқармасына қарулы шабуыл жасайды. Шабуыл жасаушылар Атырау қалалық ІІБ ғимаратының ауласына кіріп кетіп, «Аллах Акбар!» деп айқайлап, ғимараттың орталық кіре берісіне қарай бет алып, аңшы қаруынан ғимараттың кіре берісінде тұрған полиция қызметкерлеріне және аулада отырған 5546 әскери бөлімшенің әскери қызметкерлеріне бір-бірден оқ атады. Атыс нәтижесінде 5546 әскери бөлімшенің әскери қызметкері А. ШАПОВАЛОВ сол жақ жамбасынан, ішінен және көкірек қуысынан жарақат алды. Содан кейін шабуыл жасаушылар ҚІІБ ғимаратына кіріп кетіп, өртегіш қоспа бөтелкелерін лақтырып, бірінші қабаттың холлына өрт қойып, қылмыс орнынан бой тасалайды. Ғимараттағы өрт ҚІІБ қызметкерлерінің күшімен сөндірілді.
Шабуыл аяқталғаннан кейін аталмыш тұлғалар Атырау қаласынан шығып, Атырау облысының Махамбет ауданын бетке алады. «Дэу-Рейсер» көлігін Атырау қаласынан 85 шақырым қашықтықтағы Махамбет ауданының Ақтоғай поселкесінің Сборный учаскесінің маңындағы тоғайға жасырып, Атырау – Орал тас жолы арқылы Атырауға қайта келеді. Іздеу шараларының нәтижесінде 2012 жылдың 20 қыркүйегінде аталмыш тұлғалардың Атырау, Көктем ықшамауданы, бағбандық қоғамы, Транспортный, 37 мекен-жайында жасырынып жатқаны анықталды.
КӨКТЕМДЕГІАРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ
2012 жылдың 21 қыркүйегіндесағат 7.00–де антитеррористік операция барысында аталмыш тұлғалар осы мекен-жай бойынша қоршауға алынды. Оларға берілуге ұсыныс жасалды. Алайда жасырынып жатқан лаңкестік топтың мүшелері бас тартты. Келіссөздер арқылы оларды берілуге көндіру шаралары ешқандай нәтиже әкелмеді (олармен келіссөздер ҚІІБ-ге шабуыл кезінде террористер қолды қылған рация арқылы жүргізілген – С.Т.).
Содан кейін жасағызатын газ бен шу шығаратын граната қолданылды. Жас шығаратын газдың әсерінен саяжай үйінде тығылып жатқан лаңкестік топ мүшелері аулаға жүгіріп шығып, арнайы жасақтың қызметкерлеріне оқ ата бастады. Қылмыскерлер автомат қаруынан қарсы атылған оққа ұшты.
Оқиға болған жерді тексеру кезінде дәрімен атылатын және суық қарулар, патрондар мен өртейтін қоспа құйылған бөтелкелер тәркіленді. Осы террористік қылмыс фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, лаңкестік топтың 13 мүшесі ұсталып, қамауға алынды, топ басшысы С.Е.-ге іздеу жарияланды. Оны қамауға алуға сот санкциясы алынды, тергеу жүргізілуде».
КЕЛІССӨЗДЕРГЕ ТУЫСТАРЫ ҚАТЫСҚАН ЖОҚ
Бұл Амангелді Әбілғалиевтің тергеу болжамы бойынша берген жауаптарының жазбаша бөлігі. Ол, сондай-ақ, біздің қосымша сұрақтарымызға ауызша жауап берген еді.
– Лаңкестер тарапынан қауіп бар ма? Терактілердің қайталану ықтималдылығы қандай?
– Соңғы оқиғалар бізге босаңсуға болмайтынын көрсетті. Әрине, ештеңені де жоққа шығаруға болмайды.
– Сіздерде радикалды діни көзқараста қанша адам есепте тұр?
– Бұл жария етуге болмайтын жедел ақпарат.
– «АЖ»-ға оларға қатысты қылмыстық істер мен үкімдер толық баяндалған бірқатар мақалалар жарияланғаннан кейін редакцияға кейбір сотталған лаңкестердің аналары хабарласқан еді. Олар тіпті ҰҚКД-нің өзінде кейбір қызметкерлер балалардың көпшілігін терактінің ұйымдастырылуына тікелей кінәлі деп есептемей отырғанын және тергеушілерге «жоғары жақтан» қысым жасалған дегенді растады. Осындай жайттар болды ма?
– Жоқ, ондай болған емес. Бұл тұлғалар сот үкімімен кінәлі деп танылды. Сот тергеу ісінің дәлелдерімен және дәйектерімен келісті. Сондықтан олар кінәлі емес және т.б. деп туыстарының айтып отырғаны, сондай-ақ, тергеу ісінде қандай да болмасын тыйым салынған әдістер қолданылған дегендері шындыққа сай келмейді. Мұндай нәрселер мүлдем болған жоқ. Психологиялық та, басқа да қысымшылықтар болмағанын олардың өздері растай алады.
– Арнайы операция кезінде келіссөздерге лаңкестердің ата-аналары, әйелдері тартыла ма?
– Мәселен, Сергей ЛИГЕ қатысты жағдайда келіссөздер жасауға оның ата-анасы да, жұбайы да тартылды. Алайда ол шықпайтынын, берілмейтінін батыл айтты. Құлсарыда да, дәл осы секілді, олар өз-өздерін жаруға бейіл болды. Бізде қоңырау шалып, қоштасқан кездегі олар мен олардың әйелдерінің арасында жасалған келіссөздердің жазбалары бар. Арнайы операция кезінде біз олармен ұзақ келіссөздер жүргіздік. Бірақ олар берілуді ойға алмады, бір-бірлеп жүгіріп шығып, өз-өздерін жарып жіберді. Олар тек өздерін жарып қана қоймай, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жаруы тиіс болатын. Сол кезде олар нағыз шейіттер деп есептеліп, жұмаққа барар еді.
Олардың бірінің жараланып, тірі қалғаны естеріңізде шығар. Ол кімнің бірінші шығатындығына әмірдің нұсқау бергенін, қалай жарылғанын, т.б. әңгімелеп берді. Олар ақшаға жұмсап жіберген топ мүшелерінің бірі ұсталды, одан жарылыс құрылғысы тәркіленіп алынды. Қайталап айтамын, олардың телефон арқылы әйелдерімен қоштасқан әңгімелерінің жазбасы бар. Осы мәліметтердің барлығы олардың әрбіреуінде жарылыс құрылғысы болғанын көрсетіп отыр.
Құлсарыда да, Көктем ықшамауданында да келіссөздерге туыстары тартылған жоқ.
Жазып алғанСәуле ТАСБОЛАТОВА