«Эйр Астана» әуе компаниясы 1-желтоқсаннан бастап Семей және Орал қаласына ұшуды тоқтатады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әуе компаниясы басшылығы бұл шараға амалсыздан барып отырғанын айтады. Компания осы қалаларға ұшатын Fokker 50 маркалы ұшақтарды Embraer 190 реактивті ұшақтарымен алмастырмақ. Ал, Семей және Орал қаласының әуе жайлары жаңа ұшақтардың ұшып-қонуына лайықталмаған.
Компания айлағындағы Fokker 50 маркасының 6 ұшағы 2013 жылдың қаңтарында лизинг берушіге қайтарылып, орнына Embraer 190 жаңа реактивті әуе лайнерлері сатып алынбақ.
«Біздің компания 2012 жылдың 1-желтоқсанынан бастап Fokker 50 турбовинтті ұшақтарды реактивті авиалайнерлерге ауыстырмақ. Өйткені, ол ұшақтар ұзақ ұшуға қолайлы, әрі соңғы технологиялармен жабдықталған. Эйр Астана осыған дейін Орал мен Семей қалаларына жолаушыларды турбовинтті жақын магистарльді Fokker 50 ұшақтарымен тасымалдап келген. Алайда, аталмыш қалалардың әуежайында реактивті авиалайнерлерге арналған ұшу-қону алаңы ескірген, күрделі жөндеуді талап етеді. Сондықтан, біз ол қалаларға ұшуды тоқтатамыз. Қолайсыз жағдай үшін кешірім сұраймыз. Жолаушылардың қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды», - деді «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер.
Дереккөз: bnews.kz