Атырау, 11 қазан 10:53
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Өтемақыға қолы жетті

2 623 просмотра

Екі жыл бұрын Гүлшат ҚАЙЫРҚҰЛОВАНЫҢ (суретте) жолдасы көлік апатында көз жұмды. Оны Атырауда жолдан өтіп бара жатқан жерінен көлік қағып, мерт қылған болатын. 3 жастағы қызы Айдана мен 2 жастағы ұлы Айдар жетім қалды. Гүлшат моральдық залал келтіргені үшін өтемақы өндіріп алу үшін бір жылдан астам уақыт күресті.

- Тұрлан Мақаттан қалаға жұмыс іздеймін деп кеткен болатын. Ал кейін оның өлі денесін әкелді. Менің өмірім бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Бірақ, мен балаларым үшін өмір сүрем деп шештім, – деп жылады Гүлшат. Балаларым үшін мен моральдық шығынның өтемақысын өндірту туралы сотқа арыз жаздым. Ол кезде соншама тараптардан өтемін деп ойламадым.

Трагедияға кінәлі – қызмет көлігінің жүргізушісі - 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда, кейін қалалық сот судьясы М. ЖАРЫЛҒАСЫНОВА ҚР ҚК 63-бабын басшылыққа ала отырып, шартты түрде 2 жыл сынақ мерзімін тағайындады.

Гүлшат жерлеу шығындарын және жалпы моральдық зиянды өндіру үшін кінәлі көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін мекеме иесінің үстінен сотқа талап-арыз түсірді. Оның талабын Атырау қаласының судьясы Ж. ШАКЕНОВА жеке кәсіпкерден Гүлшаттың пайдасына 56 500 теңге жерлеу шығыны және 5916 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілуге жатады деген сот шешімін шығарған. Сондай-ақ, балаларының әрқайсысына 18 жасқа толғанша 4 955 теңге төленетін болды. Бірақ сот жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы талабын қанағаттандырмады. Гүлшат облыстық сотқа аппеляциялық шағым жазды. Бірақ, ол жерде де қолдау таппады.

Тек Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы судья Е.ӘБДІҚАДЫРОВТЫҢ төрағалық етуімен Г.Қайырқұлованың моральдық шығын өтемақысын өндіру туралы талап-арызды қарап шығып, Атырау қалалық сотының шешімі, Атырау облыстық соты аппеляциялық сот алқасының және соттың кассациялық сот алқасының қаулылары ішінара өзгертіліп, талап-арыздың моральдық зиян өндіруден бас тартқан сот қаулыларының күшін жойып, Г.Қайырқұлованың пайдасына Ж.Есембаевадан 500 000 теңге көлемінде моральдық зиянның өтемақысын өндіру жөнінде қаулысын шығарды.

Біз комментарий алу үшін Атырау облыстық Сотының төрағасы Мұхтар СМАҒҰЛОВҚА ресми сауал жолдағанбыз. Алайда бір айдан бері жауап жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

28 қараша 2012, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.