Атырау, 20 сәуір 02:48
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

27 сәуірде жазғы ҰБТ-ға өтініш беру керек

4 190 просмотра

Маусым айында ҰБТ тапсырғысы келетін Атырау облысының түлектері 27 сәуірде онлайн-өтініш беруі тиіс. Бұл туралы Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА онлайн-брифинг кезінде хабарлады.

Карантинге байланысты Қазақстанда тестілеуге қатысу үшін барлық өтінімдер онлайн режимінде 24 сәуірден 10 мамырға дейін қабылданады. Жүйеге жүк түсірмеу үшін әр облысқа күн белгіледі. Атырау облысы 27 сәуірге белгіленген.

Түлектер жылына 4 рет ҰБТ тапсыруға құқылы: қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында тапсырған нәтижелермен жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсуге болады. Бірақ түлек мемлекеттік білім алу грантын алу конкурсына қатысқысы келсе, онда ол міндетті түрде маусым айында тест тапсыруы керек.

Биыл 11-сынып оқушылары қаңтар айында ҰБТ-ға қатысып үлгерді.  Ал наурыз айындағы тестілеу карантинге байланысты кейінге қалдырылды. Ол оқшаулау режимі аяқталғаннан кейін өткізіледі.

- Мектеп бітірушілердің барлығы маусым айында ҰБТ-ға қатысуға өтініш бере алатын сілтемелер алды. Ата-аналар мен оқушыларға бірден тіркеле алмаулары мүмкін екендігін ескертеміз. Дүрлігудің қажеті жоқ, бұл жағдайда өзіңіздің мектебіңізбен хабарласу керек, біз бәріне көмектесеміз, - дейді А.Дүйсекенова. - Атырау облысының түлектері өтініштерді 27 сәуірде тапсыруы тиіс. Бірақ 10 мамырда жалпыреспубликалық тіркеу аяқталмас бұрын ниет білдірушілердің бәрі тіркеліп үлгеру үшін бүкіл мектепті тексереміз. Бізде жеке куәлік, ЖСН алып үлгермегендер немесе құжаттарын жоғалтқандар бар. Мұндай жағдайда балаларды дәстүрлі әдіспен тіркейміз. Содан кейін тізімді мектептермен салыстырамыз. Бірақ ҰБТ-ға рұқсат қағазын берер кезде барлық құжаттардың түпнұсқасы қолда болуы керек.

ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Барлық талапкер 3 міндетті және 2 бейінді пәннен тапсырады, олар 120 сұраққа жауап беруі керек. Ең жоғарғы балл саны - 140. Біздің еліміздегі ұлттық мәртебесі бар алты жоғарғы оқу орнына түсу үшін кем дегенде 70 балл жинау керек. Қалған жоғары оқу орындарына өту балы - 50. Бір ерекшелік - педагогикалық мамандықтар үшін ғана 70 ұпай жинау керек.

Өткен жылдары бітірген мектеп түлектері мен колледж түлектері мемлекеттік білім беру гранттарын алу конкурсына қатысқысы келсе немесе колледжден кейін басқа мамандық таңдаған жағдайда ғана кешенді тестілеуден (КТ) өтеді. Ақылы бөлімде немесе қашықтан оқу үшін сұхбаттасу жеткілікті.

- КТ-ге қатысқысы келетіндер үшін база ашық, олар қазір-ақ тіркеле алады. КТ-ге онлайн-өтінішті қалай беруге болатыны туралы егжей-тегжейлі нұсқаулық АМУ сайтында және «Telegram» каналында бар, - деді Дүйсекенова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 сәуір 2020, 13:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.