27 күннен бері Атырау карантин режимінде өмір сүріп жатыр. Бұл режимнің сақталуын ең алдымен полицейлер қадағалайды. «АЖ» тілшісі кешкі сағат 9-дан кейін олармен бірге қаланы аралауға шықты. Бұл жолы да ереже бұзып, «концерт қойғандар» табылды.
Сағат 21:20. Жол-полиция қызметкерлері Әлиев көпірінен Нұрсаяға қарай түскен кезде Toyota Camry көлігін тоқтатты. 27 жастағы жүргізушінің есімі Қайрат екен.
- Қаланың орталығында тұратын едім, сағат тоғызға дейін үйіме жете алмай қалдым, - дейді жігіт. Бірақ ереже бұзған соң оны Нұрсаядағы №14 тірек пунктіне алып кетті. Ол жерде түсініктеме жаздырып, дерекқорға тіркейді. Қалай болғанда да, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша хаттама толтырылады. Айтпақшы, көлік басқа адамға рәсімделген.
Тірек пунктіне барар жолда полицейлердің тағы бір «Тойотаның» жүргізушісімен сөйлесіп тұрғанын көрдік.
- Дүкенге тамақ алуға шыққаным осы еді, - дейді Азамат ақталып. Алайда дүкендер тек сағат тоғызға дейін жасайды ғой.
Екі ереже бұзушымен №14 тірек пунктіне бардық. Полицейлер оларды тексере бастады. Сол кезде пункт алдына полиция машинасымен бірге «Лада Приора» көлігі тоқтады. Ішінен жүргізуші мен төрт жолаушы түсті. Бірі жұмыстан келе жаттым десе, басқалары шаруаларымен жүргенін айтты...
- Оларды Сәтпаев пен Пушкин қиылысында тоқтаттық. Қазір тексереміз, - дейді учаскелік инспектор Нұрхан САХАН. Бірақ олардың 476-баптан құтылуы неғайбыл-ау.
ПОДПОЛКОВНИКТІҢ МЕЙІРІМДІ ИШАРАСЫ
Жергілікті полиция қызметінің бастығы Сейфолла ҚАЗИХАНОВТЫҢ көлігімен Әлиев көпірінен түсе бергенде үш жас жігітті көрдік. Екеуі ақсаңдап басқан үшіншісін демеп барады екен. Олардың айтуынша, өздері Авангардта тұрады. Олардың бірі қараңғы подъезд ішінде құлап, тізесін шығарып алған. «Жедел жәрдем» зардап шегушіні достарымен бірге Алмагүл ықшамауданындағы №7 емханаға жеткізген. Травматология бөлімі уақытша сол жерге орналасқан еді. Рентгенге түсіргеннен кейін жігітке көмек көрсетіп, үйіне жіберіпті. Бірақ такси жоқ болғандықтан жаяу кетіп бара жатқан беттері екен.
- Жарайсыңдар, бір-біріңе көмектескендерің дұрыс. Рас айтып тұрсыңдар деп үміттенем, әрі қолдарыңда рентген суреті мен дәрігердің анықтамасы бар екен. Қазір шектеу шаралары енгендіктен такси жоқ. Үйлеріңе жеткізіп салайық. Тез сауығып кетіңдер! – деді Қазиханов жігіттерге полиция көлігін ұсынып. Құптарлық іс, подполковник мырза!
«ЖОҚ, ЖІГІТТЕР, ОЛАЙ БОЛМАЙДЫ!»
Осы көшеден полицейлер «ҚазПошта» логотипі бар «Нива» көлігін тоқтатты. Ішінде рұқсат құжаттары бар пошта қызметкерлері отыр. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің бұйрығында пошта қызметіне кешкі сағат тоғыздан кейін де рұқсат етілген. Оларды жіберіп қойды.
Сәл кейінірек тоқтатылған «Приора» жүргізушісінің де құжаттары дұрыс болып шықты.
- Әуежайда жүргізуші болып жұмыс істеймін. Қазір сол жаққа қарай бара жатырмын. Сол жерден «Тойота Хайс» минивэніне отырамын да, «Ренко» қонақ үйінен «Эйр Астана» арнайы рейсіне ұшқыштар мен жолсеріктерді апарамын, - деді жүргізуші. Бұл рейс осы жерде карантинде болу мерзімі аяқталған «Эйр Астана» қызметкерлерін үйлеріне жеткізу үшін арнайы ұйымдастырылған.
Осыдан кейін №10 тірек пунктіне (Привокзальный) бет алдық. Бұл жерде көпқабатты үйдің ауласында ұсталған 31 жастағы Рашид, 22 жастағы оралдық Қуанышбек пен 30 жастағы Асқар шу көтеріп жатыр екен. Учаскелік инспектордың көмекшісі Ринат ИГІЛІКОВ сағат 21-ден кейін көшеге шығуға болмайтынын айтқан кезде Асқар дүрсе қоя берді:
- Мұны неге айтпадыңыздар? Бұл туралы білмейді екенмін!.. Дүкенге тамақ алуға шығып едік. Егер білмей ереже бұзған болсақ, кешіріңіздер бізді, үйімізге кетейік.
- Жоқ, ешқайда кетпейсіңдер, 476-бапты бұздыңдар. Қазір хаттама толтырамыз, іс әкімшілік сотқа жолданады.
- Жоқ, жігіттер, олай болмайды ғой! Бірінші рет жасап тұрмыз. Қазақпыз ғой, қажеті қанша? Ешкімді өлтірген жоқпыз, тонаған жоқпыз, жіберіңдерсейші!
- Прокурорға қоңырау шалдым, - деді басқа жігіт сөзге араласып. – Қоңырау күтіңдер.
Әрине, прокурордан «ешқандай қоңырау» түспеді. Айтпақшы, ұсталғандардың екеуі бұрын сотталған. Қосымша тергеу үшін оларды ҚПБ-на жібереді.
КӘУАП ПІСІРІП, ЖАҒАДА ДЕМАЛАТЫН УАҚЫТ ЕМЕС
Осы тірек пунктіне 23 жастағы Аманжолды алып келді. Ол таксист болып жүрген екен. Алайда досының өтінішімен оны айтқан жеріне апарғанын айтты. Кейінірек түнгі шектеулердің бар екенін білсе де, нартәуекел еткенін мойындады. Мұндай әрекеті үшін 15 тәулікке дейін қамауы мүмкін. Айтпақшы, осы түні полицейлер такси қызметін көрсеткен тағы екі жігітті ұстады.
- Облыс аумағына карантин енгізілген күннен бастап 779 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді, - дейді С.Қазиханов. – 28 жағдайда ҚР ӘҚБтК-тің 478-бабы (Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер) бойынша жаза қолданылды.
Тағы бір қосарым. Қазір әлеуметтік желіде Талғайраң жақта адамдардың Жайық жағасында кәуап пісіріп, демалып жүрген суреттері таралып жатыр. Жерлестер, олай жасамаңыздар!
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор