Атырау, 25 қараша 08:07
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мықты қиналса, осалы қайтпек

4 624 просмотра

Жастан кеткен қызын көтеріп, жылап тұрған Айсұлуды (есімі өзгертілді) Авангардтағы көп қатарлы үйдің бірінде тұратын тұрғындар подъезд жанынан кездестірген. Балаларына күтуші болуға шақырған Атыраудағы туысына Айсұлу сонау Тараздан келген екен. Бірақ карантин басталған соң балаларының қасында өзі қалған туысқаны сәбиі бар бала күтушіні масыл көріп, үйінен қуып жіберіпті.

Қазір Атырауда мұндай оқиғалар аз емес. Бүкіл әлемде пандемия мен экономикалық дағдарыстың салдарынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артқаны байқалады. Агрессияға бейім адамдар үшін тұрақты кірістің жоғалуы мен қозғалыстың шектелуі отқа май құйғандай болды. Олар өздерінің ашуын жақын адамдарынан, туыстары мен достарынан алады. Бірнеше аптадан бері полиция департаментінің баспасөз қызметінен өңіріміздегі ахуал туралы ақпарат алуға тырысып жүрмін. Алайда бізде басқа елдерден көп айырмашылық бар деп ойламаймын. Демек, біреулерге үнемі көмек беріп, қорғау қажет. Бірақ олар қайда жүгінеді? Айсұлу мен оның қызына ерлі-зайыпты жанашыр жандар тап болып, олар үйлеріне шақырып, тамақтандырып, бұдан әрі не істеу керектігін ойластырған екен. Өйткені олардың өздері де осы пәтерді жалдап тұрады. Бұл жағдай туралы олар пәтер иесіне айтқан екен, ол «АЖ» редакциясына хабарласты. Осы арада полицияда кішігірім кедергі пайда болды - ресми түрде ешкім заң бұзған жоқ, Айсұлу туысымен жазбаша келісім жасамады, әйелді ешкім тонамады немесе ұрып-соқпады. Көп ұзамай, бұл істің де шешімі табылды. Олар «Береке» ықшам ауданындағы пәтерлердің біріне орналасып, күніне үш рет тамақпен қамтамасыз етілді. Айсұлу Тараздағы анасына хабарласып, анасы Атырауда карантин біткенше күте тұруға, кішкентай баламен жолға шықпауға кеңес берді. Ал түрлі жағдай басына түскен өзге жандар қайтпек?

 

«АНАЛАР ҮЙІ»

- Біздің «Аналар үйі» елімізде ТЖ режимі жарияланғаннан бастап карантинге жабылды. Қазір онда бір жарым жасқа дейінгі балалары бар 10 әйел тұрып жатыр. Балалардың ең кішісі - 3 айлық. Олардың денсаулығына қауіп төндіріп, жаңадан адамдар қабылдай алмаймыз. Карантин басталғалы адамдар әдеттегіден көп жүгінуде. Жақында ғана аудандық емханадан жүктілігіне 7 ай болған әйелге қатысты хабарласты. Біз кімді қабылдай алатынымыз жөнінде кеңестік. Бізге перзентханадан жаңа туған сәбиімен шыққан, қолында анықтамасы бар аналарды ғана қабылдауға болатынын түсіндірді. Егер босанған әйел мен сәбидің баратын жері болмаса, перзентханада одан коронавирусқа анализ алуы тиіс. Теріс нәтиже шықса, біз оларды қабылдаймыз, - деді Атыраудағы  «Аналар үйі» директоры Гүлфариза ҒҰБАШЕВА. Ол енді бұрынғыдай әйелдерге бармайды екен. Кеңсеге жұмыстарымен келсе, балалар мен аналар тұратын екінші қабатқа көтерілмейді. Олармен бейнебайланыс арқылы сөйлеседі. Үйге азық-түлік тікелей байланыссыз жеткізіледі. Педиатрлармен кеңестер де қашықтан жүргізіледі. Әйелдер карантин ережесін қатаң сақтап, үйді санитарлық зарарсыздандыруға өте мұқият қарайды. Бұл балаларының денсаулығы үшін маңызды екенін түсінеді. Г.Ғұбашеваның айтуынша, аналар ұйымшыл болып алған. Тіпті, ұжым арасында болып тұратын ұсақ ұрыс-керіс те ғайып болыпты. Үй тұрғындары антисептиктермен және қорғаныс құралдарымен толықтай қамтылған.


АЛМАГҮЛДЕГІ ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫ

- Қазір бізде 11 адам тұрады: 4 әйел мен 7 бала. Жалпы, орталық 20 тұрғынға арналған. Әдетте біз әйелдерді учаскелік инспекторлардың рапорты бойынша қабылдаймыз. Содан кейін жергілікті емхана арқылы олар ВИЧ-ке, тері-венерологиялық ауруларға қатысты анализ тапсырады. Қажет болса, оларған жұмыс тауып береміз, оқытамыз, балаларын мектепке орналастырамыз. Осы жерде жарты жылдай тұрады. Жақында күйеуімен татуласқан бір әйел үйіне оралды. Бірақ 16 наурыздан бастап карантиндеміз, жаңа тұрғындар қабылдамаймыз, - дейді дағдарыс орталығы директорының орынбасары Айбаршын ИМАНҒАЛИЕВА. Ол әйелдердің бұрынғыша өздерінің көмегіне зәру екенін, бірақ қазір тек 46-60-60 сенім телефоны бойынша моралдық тұрғыда ғана көмек бере алатындарын жасырмады.


ЛЕСХОЗДАҒЫ БЕЙӘЛЕУМЕТТЕНДІРУ ОРТАЛЫҒЫ

Өмірдің қиын кезеңіне тап болған жандарды бейәлеуметтендіру орталығында бүгінде 36 тұрғын бар. Оны орталықтардың ішіндегі ең «демократиялық» деуге болады. Өйткені тұрақты мекен-жайы жоқтар, бұрын сотталғандар, түнейтін жері жоқ жандар осы жерден пана табады. «Көше патрулі» қызметі баспанасыз қалғандарды осында әкеледі. Бірақ бұл орталық та 16 наурыздан бастап жаңа тұрғындарды қабылдаудан бас тартуға мәжбүр болды.

- Біздің тұрғындар арасында жұмыс істегендер де бар. Бірақ карантин енгізілгеннен кейін олар ақысыз демалысқа шықты немесе мүлдем жұмыссыз қалды. Жәрдемақы алуға тиесілі болғандар өтініш берді. Кейбіреуі жәрдемақыларын алды, - дейді орталық директорының орынбасары Гүлден ДОСЩАНОВА.

Карантин кезінде ереже бұзғандар да болған. Төрт ер адам орталықтан кетіп қалып, бірнеше күн арақ ішіп, қаңғып кеткен. Оларға кері келуге рұқсат бермепті.

- Бұл карантин ережесін бұзу, бұған басқа тұрғындар да қарсы. Ереже бұзғандардың бірі емханаға жүгінген, ол жерде коронавирустан анализ алыпты. Егер нәтиже теріс шықса, қабылдаймыз, - деді Г. Досщанова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА   

21 сәуір 2020, 12:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.