Атырау, 22 қараша 08:00
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Ауылдағы карантин

Сурет Бейнежазба
5 300 просмотра

Карантин ауылды да айналып өтпеді. Бірақ бұл жерде жағдай қаладағыдай емес, әрине.

 

АЛАҢДАЙТЫН АУЛА БАР

Теңіз кенішінде жұмыс жасайтын Манас карантинге байланысты аусымдық жұмысқа жете алмай, үйде қалды. Бұл күндері ол жұбайы Дана екеуі көктемнің күндерін құр жібермеуге тырысуда. Тауық, қаз өсіретін жұбайлардың ауласында жеміс ағаштарының түрі бар. Талдардың түбін түптеп, жүзімді топырақтан аршып, көкөніс пен гүл егу қамына кіріскен.

- Әрине, әдеттегі өмір сүру қалпын өзгерту оңай емес, табыс та қалай болары белгісіз, - деп көңілі түсті Манастың. Бірақ лезде жарқылдады да, - Ауылдастарым біздің үйге келгенде, баққа кіргендей болады. Гүл өсіріп, көркемдейміз. Осылай алаңдап, көңілсіз ойдан арыламыз. Аяғы жақсылық болып, әлі де жұмысқа шығамын деп үміттенемін, - деді.

 

БӘРІМІЗ БІРГЕМІЗ

Елтайлық Нұрбек пен Асылзада ҚҰТТЫБАЕВТАР отбасында алты бала бар, алды студент. Қазір бәрі үйде: Нұрбек Теңіздегі вахтадан қалып қойды, студенттер қашықтан оқуда.

-Басымыз көптен құралып тұрғаны, балалар каникулға келгенде әкесі жұмыста болатын еді.  Енді бәріміз де жиналдық, - дейді Асылзада. - Шаруа жеткілікті - қыста құрылыс материалдарын арзандау кезінде алып қойып, үйімізге қосымша екі бөлме салуға кірістік, себебі отбасымыз көбейіп жатыр. Жолдасымның қолы шебер - құрылыста,  ал мен үй шаруасы, дала жұмыстарына балаларымды баулып жатырмын. 

ОҚЫМЫСТЫ ӘЖЕ

Махамбет ауданы Сарайшық ауылының тұрғыны Қалықыз ҒИЛАШҚЫЗЫ  ұзақ жылдан бері кітапхананың тұрақты оқырманы. Ол да қарап жатпай немерелерін ортаға алып, ұлы әдебиетке қызықтырып, баулудан жалықпауда.

-Немерелерімнің ой-өрісін кеңейтіп, тілдік шеберліктерін байытуға тырысып жатырмын. Білмеймін, мүмкін мен артта қалған шығармын, бірақ экранға үңілгеннен гөрі, кітаптың бетін аударып отырғанды ұнатамын, - дейді Қалықыз күліп.

Қалықыз бүгін ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлы туралы немерелеріне түсінік беріп, өлеңдерін жаттатқызды. Ертең Мағжан, т. б. кезекпен белгілеп қойған.

 

ҮЛКЕН ОТБАСЫ

Есбол ауылындағы Бекбол мен марқұм Амангелдіден құралған шаңырақ берекеге толы. Амангелдінің келіншегі Жұлдызай ҚҰЛҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша енесі Ақзира, қайынапасы Гүлнар, барлығы 13 адам тату-тәтті тұрып жатқан көрінеді. Қашықтан жұмыс жасап, білім алуда. Бекбол балаларға қамшы өруді үйретсе, әйелдер жағы іс тігіп, ас дайындап жатады, ал Жұлдызайдың шырқаған әсем әні шаңырақтың берекесін келтіреді.


 ҚАЙЫРЫМДЫ ҚУАТ

Елтайлық Қуат жастайынан бірінші топ мүгедегі. Ол осындай қысылтаяң кезде қаражат тауып, көп балалы, тұрмысы төмен отбасыға, зейнеткерлерге азық-түлік үлестірді. Оның жігері мен қайсарлығына ауылдастары дән риза.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген автор

21 сәуір 2020, 09:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.