Бүгін, 17 сәуірде, сағат 10.00 шамасында жүздеген адам Мақат ауданындағы Доссор кентіндегі емхананың алдына жиналып, оны карантинге жататын орын ретінде пайдалдануға наразылығын білдірді.
Жергілікті тұрғындардың наразылығының басты себебі, Теңіз кенішінен коронавирус анықталуына байланысты жұқпалы ауруға күдікті адамдарды Мақат ауданындағы емханаларға орналастырады деп таралған жалған ақпараттан туындаған. Осы жағдайға байланысты бір топ тұрғындар «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н. Назарбаевқа, ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа, премьер-министр А. Маминге, Атырау облысы әкімі М. Досмұхамбетовке, Мақат ауданы әкімі Ш. Кейкинге өтініш хат жолдаған.
-32 мың халқы бар ауданда адамдар өз үйінде болып, жұқпалы кеселден қорғанудың жолдарын ұстануда. Біздің ауданнан коронавирус дертіне шалдыққан адам жоқ. Енді келіп жұқпалы ауруға күдіктілерді ауданның емханаларына орналастырады дегеннен мазамыз қашып отыр. Доссордағы емхана мен Мақаттағы аурухана кент ішінде орналасқан. Бұл біз үшін қауіпті, сондықтан бұған қарсымыз, - дейді тұрғындар.
Кездесуге Мақат ауданы әкімі Шәкір КЕЙКИН келіп, халықты сабырға шақырумен болды. Кейін біз әкімге хабарласып, бұл жағдайдың немен аяқталғанын сұраған едік.
-Басқалар айтқандай, ол жерге 200 емес, 60-қа жуық адам жиналды. Халыққа жалған ақпарат тарағанын түсіндіріп, қазіргі ахуалды айтып бердім. Теңіз кенішінде жұмыс жасайтындардың ішіндегі коронавирусқа күдікті адамдар әкелінеді делінгені шындыққа жанаспайды. Індетті жұқтырғандар мұнда келмейді, - деді Ш.Кейкин. - Рас сонда жұмыс жасап жатқан ауданның тұрғындары өз үйлеріне қайтатын болады. Өйткені мекемелер жұмысын уақытша тоқтатып отыр. Теңіздегі жұмыстан шыққан адамдар жұқпалы аурудан таза болса да 14 күн бақылауда болады. Егер үйінде оқшаулану үшін жағдайы болмаса, арнайы жабдықталып дайын тұрған орындарға жатқызылады. Бүгінде аудан тарапынан қанша адам Теңіз кенішінде жұмыс жасайтынын анықтап жатырмыз. Доссордағы мектеп-интернаттан 124 және емханадан 50 орын, Мақат кентіндегі ауруханадан 15 орынды дайындап қойып отырмыз. ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың тапсырмасы бойынша карантинге жатқызылатын адамдарды орналастыру үшін орындар тек қала емес барлық ауданда ұйымдастырылуда. Тағы да айтамын, ауданға ауру немесе күдікті адамды әкелмейді.
Естеріңізге сала кетейік, Теңіз кенішіндегі жұмысшылардан коронавирус індетінің анықталуына байланысты мекемелер жабылып, 17 мың жұмысшы елдеріне қайтарылады. Олар барған жерінде уақытша оқшауланып, каратинде болады, соның ішінде мақаттықтар да бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА