Атырау, 5 мамыр 01:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

«Балаларды үй карантиніне жіберіңіздер!»- «Жоқ, ол мүмкін емес»

3 189 просмотра

Көрнекі сурет

«АЖ»-ға 27 наурызда Ыстамбұл-Атырау рейсімен ұшып келіп, қазір карантинде жатқан студенттердің ата-анасы хабарласты. Олар өз балаларын үй карантиніне жіберуді сұрайды.

Естеріңізге сала кетейік, 14 күн өткеннен кейін олардың арасынан бір адамның вирус жұқтырғаны анықталып, сол себептен қалғандарының карантинде болу  мерзімін ұзартты. Сол бойда оларды студенттер жатақханасынан Береке ықшамауданына ауыстырды, ал кейін ол жердің тұрмыс жағдайына шағым көбейгесін «Атырау» шипажайына орналастырды.

Шымкент тұрғыны Назымның айтуынша, рейстің барлық жолаушыларын ұшып келген бойда АМУ жатақханасына карантинге жатқызған. Сынама тестіні 27 наурыз және 6 сәуірде екі рет тапсырған.

- Олардың үшеуінде коронавирус анықталды, ал қалғандарына карантин тағы 14 күнге ұзартылды. Оларды Берекедегі жылуы қосылмаған жаңа үйге көшірді – балалар сырт киіммен жүріп, үстел мен орындық жоқ болғандықтан терезе алдынан тамақтанды.

Біз, ата-аналар, жедел штаб басшылығынан, бас санитарлық дәрігерден балалар үшін өзіміз жауап береміз деп, үй карантиніне жіберуді өтіндік. Бірақ оларды жібермеді, екі күннен кейін «Атырау» шипажайына ауыстырды. Біз әлі де балаларды үй карантиніне жіберуді сұраймыз. Олар қазір дұрыс тамақтанбайды, ауаға шықпайды, күйзеліске түскен. Көпшілігі Қазақстанның басқа қалаларынан келген студенттер. Олардың ауыстыратын таза киімдері жоқ, университеттен қашықтан сабақ оқуға жағдай жасалмаған. Өткізіп алған сабақтарын қалай оқып үлгереді? Әсіресе, қашықтан оқу оңай болмай тұрғанда?- дейді Назым.

Ата-аналардың өтінішін біз облыс әкімінің орынбасары Серік ШАПКЕНОВТЫҢ және Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Темірбек МҰСАҒАЛИЕВТІҢ қатысуымен өткен онлайн-брифингте айттық.

- Жағдай мәз емес, шешім қабылдау қиын болды. Бірақ ең алдымен біз студенттердің отбасы мен жақындарының денсаулығын, қауіпсіздігін ескердік. Сынама тестілеудің нәтижесінде олардың арасында індет жұқтырғандар анықталды. Жатақханада дәретхана ортақ болғандықтан, кейбір талаптар сақталмаған – арасында жұқтырғандар болуы мүмкін ғой. Осыған байланысты карантин мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданып, студенттер шипажайға орналастырылды. Біздің қаупіміз расталды - осы мекеменің санитары ауру белгілерімен ауруханаға түсіп, оның да жұқтырғаны анықталды, - деп түсіндірді Т. Мұсағалиев.

- Біз осы жағдайға түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытуды сұраймыз. Бәрі алгоритм бойынша жүргізілуде, жұқтырған адам анықталса – карантин ұзартылады, - деп толықтырды Шапкенов.

Ал редакция жолдаған сауалға облыстық жедел штаб былай деп жауап берді: «ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы аясында барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері АМУ жатақханасына оқшауланды. Сол күні олардан сынама алынды, нәтижесінде инфекция жұқтырған бір адам анықталды. Оны бірден жұқпалы аурулар ауруханасына оқшаулады. 9 сәуір күні стационарда жатқан 13-ші күні қайта сынама алған кезде тағы да 3 адамның КВИ жұқтырғаны анықталды. Осыған байланысты жұқтыру ошағын тоқтату және жұқтырғандар санын көбейтпеу үшін 10 сәуірде карантиндегілерді «Атырау» шипажайына екі адамнан оқшаулап көшіру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, стационарда КВИ жұқтырудың соңғы жағдайы тіркелген күннен бастап 14 күнге карантиндік оқшаулауды ұзарту туралы шешімге келді.

Айта кету керек, 21 сәуірде, яғни, 13-ші күні, оқшауланғандардан қосымша сынама алу және ол теріс нәтиже көрсетсе ғана бәрін үй карантиніне ауыстыру жоспарлануда. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 сәуір 2020, 10:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.