Теңіз кен орнынан кадрларды демобилизациялау туралы ақпараттың пайда болуына байланысты ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ брифинг өткізді. Онда компанияда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу шаралары алынып жатқанын атап өтті.
- ТШО мердігер мекемелермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, тікелей өндірістік қызметке жұмылдырылмаған жұмысшыларды аумақтан шығарады. Ал келесі апталарда өндіріс қарқынын біртіндеп азайтып, қызметкерлер санын қысқарту жоспарланып отыр. Бұл базалық өндіріс бөлімшелеріне де, ККЖ-ге де қатысты болады. Яғни, базалық өндірісте бүкіл құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, ККЖ-де тек маңызды жұмыс түрлері ғана жалғасады деген сөз, - деді Артығалиев.
Ол бұл шаралар қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын және қазіргі нарық жағдайына байланысты еместігін атап өтті.
Сұрақтарға жауап берген Артығалиев жұмысшыларды шығару жұмыстарының басталып кеткенін айтты. Жоспар бойынша Атырау облысы тұрғындарынан бастаған. Бұл шамамен 700 адам. Келесі 3-4-аптада қарқынды түрде жүргізіледі. Алайда ол уақытша болса да қанша адамның жұмыссыз қалатынын және қандай мамандықтар бойынша екенін нақтыламады.
- Қызметтері уақытша тоқтатылатын мердігер мекемелерге ТШО жұмысшылардың жалақысын сақтауды ұсынды. Алайда өтемақыға қатысты кез-келген мәселе ҚР еңбек заңнамасы аясында қаралуы тиіс, - деді Артығалиев. Ол қазіргі ахуал мұнай өндіру көлеміне әсер етпейді деп сендірді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА