Жексенбі күні Британия ауруханаларында коронавирустан қайтыс болғандар саны 10 мың адамнан асты. Бұл, қарттар үйінде немесе өз үйінде Covid-19-дан көз жұмғандарды қоспағандағы мәлімет, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Жексенбі күнгі деректер бойынша, Англияда - - 657, Шотландияда 24, Уэльсте - 18, Солтүстік Ирландияда 11 адам қайтыс болған. Премьер-министр Борис Джонсон ауруханадан шығарылды. Бірақ ол дәрігерлердің ұсынысы бойынша жұмысына әзірге кіріспей, премьер-министрдің қала маңындағы Chequers ресми резиденциясында сауығуды жалғастырады.
ДДҰ-ның соңғы мәліметтеріне сәйкес, дүниежүзінде Covid-19 жұқтырғандар саны 1,7 млн-ға жуықтады, шамамен 106 мың адам көз жұмды. Вирус жұқтыру жағдайының ең көбі Еуропада тіркелген. 880 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған.
Джонс Хопкинс университетінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Еуропа елдері арасында коронавирустан өлім Италияда ең көп тіркелген. Мұнда 19 мың адам көз жұмған. Одан кейінгі орындарда – Испания, Франция және Ұлыбритания тұр.
Германияда биліктің қолға алған шараларының арқасында қайтыс болғандардың саны 3 мыңнан аспайды. Германияда ауруханаларға келіп түсетін пациенттер саны Британияға қарағанда төмен болуының себебі өткізіліп жатқан тестілеудің ауқымымен байланысты екендігі атап өтілуде.
Британдық билік те сәуір айының соңына дейін күн сайын 100 мың адамға тест жасауды жолға қоятынын мәлімдеп үлгерді. Алайда, сыншылар бұл көрсеткішке күмәнмен қарайды.
АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар саны 20 мың адамнан асты. Бұл – әлемнің кез келген басқа еліне қарағанда ең көп көрсеткіш. Бұған дейін ең көп өлім-жітім Италияда болған, бірақ қазір Еуропадағы жағдай тұрақтана бастады.
Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметтері бойынша, АҚШ-та Covid-19-дан көз жұмғандардың жалпы саны – 20,6 мың адам, диагноз 530 мыңнан астам пациентке қойылған. Бұған дейін АҚШ вирустан бір тәулік ішінде екі мыңнан астам пациент қайтыс болған әлемнің алғашқы елі болды. Әлемде жексенбі күнгі Covid-19 жағдайы бойынша, 1 млн 760 мың адам ауырған. 110 мыңнан астам адам қайтыс болды (бұл деректер ДДҰ деректерінен сәл өзгеше). Сенбі күні Американың барлық штатында пандемияға байланысты төтенше жағдайды енгізілді.
Жексенбі күнгі мәліметтер бойынша Испанияда коронавирустан 619 адам қайтыс болды, бұл сенбі күнгі көрсеткіштерден (510 жағдай болған) біршама жоғары. Соңғы тәулікте Испанияда вирус жұқтырғандар саны 5 мың адамнан асты, осылайша Covid-19 вирусымен ауырғандардың жалпы саны 166 мың адамға жетіп отыр.
Испания – Франциядан кейінгі туристер саны бойынша әлемдегі екінші ел, ал туризм секторы оның экономикасының 12% құрайды. Еуропа елдері арасында коронавирустан өлім-жітімнің ең көп саны әлі де Италияда, мұнда 19,4 мың адам қайтыс болды. Бұл елде Covid-19 коронавирусымен 152,2 мың адам ауырған. Францияда сенбіде қайтыс болғандардың саны жұмамен салыстырғанда үштен бірге азайған. Бұл елде 130,7 мың адамға Covid-19 диагнозы қойылса, 13,8 мың адам аталған індеттен көз жұмған.
Дереккөз: inform.kz