Атырау, 24 қараша 10:41
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«КТК» журналистерін полиция алып кетті, ал аурухана қызметкерлері өз жанайқайын жеткізіп үлгермеді

Сурет Бейнежазба
12 414 просмотра


Атырауда облыстық аурухананың емделушілері мен медицина қызметкерлерін «Береке» ықшам ауданына карантинге көшіру жөнінде сюжет дайындау барысында республикалық «КТК» телеарнасының түсірілім тобын ұстады.

Тілші Бекен ӘЛИРАХЫМОВ пен оның операторы облыстық аурухананың ауласында ғимараттан шыққан дәрігерлермен (олар көп еді, қоятын сұрақтары мен айтар наразылықтары жиналып қалған) тілдесіп, сюжет түсіріп жатқан. Бір кезде полиция қызметкерлері пайда болып, телеарна өкілдерін өз көліктеріне отырғызып, №4 тірек пунктіне алып кеткен. Облыстық аурухананың дәрігерлері бұл әрекетке қарсы наразылықтарын білдірді.

Мен Бекен Әлирахымовпен телефон арқылы хабарластым.

- Әріптесіміз екеумізде маска болды, барлық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып жұмыс істедік. Өзімізбен бірге барлық қажетті құжаттар мен жұмыс орнынан анықтама болды. Сұхбат алған адамдар да маска, қорғаныс костюмдерін киген, - дейді Әлирахымов. – Бізді карантин жарияланған аурухана аумағында жұмыс істеді деп айыптап отыр. Бірақ карантин туралы ресми хабарландыру болған жоқ! Бұл туралы бұйрықты дәрігерлердің өздері де көрмеген. Аурухана аумағына бақылау-өткізу пункті арқылы кірдік. Ешкім бізді тоқтатқан жоқ және ешқандай ескерту жасамады. Бізді ұстағаннан кейін полиция учаскесінде әкімшілік хаттама толтырды, содан кейін мені «Берекеге» карантинге, ал операторды провизорлық орталыққа жіберді. Өйткені оның дене қызуы сәл көтерілген - 37,1 болыпты.


Облыстағы негізгі емдеу мекемесіндегі жағдай бүгінде адамдардың үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр. Ал емделушілер мен дәрігерлер Атыраудағы ең жайсыз әрі суық тұрғын үй кешені деген атаққа ілінген «Берекеге» көшкілері келмейді. Медицина қызметкерлері әлі күнге дейін карантин енгізу туралы бұйрықпен таныстырмағанына, сондай-ақ, өздерін және  емделушілерді бұрын айтылғандай шипажайға емес, тұруға лайықсыз ауданға жіберетініне наразы. Болып жатқан жағдайға қатысты өз пікірлерін олар әріптестерімізге жеткізбек болған.

Атырау облысындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штаб осы жағдайға түсініктеме берді:

- "КТК" телеарнасының тілшісі мен операторы карантин және төтенше жағдай режимін бұзды. Олар Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 3 сәуір күні карантин жарияланған облыстық аурухананың карантин аймағына заңсыз кіріп, бейне түсірілім жасаған. Екі қызметкерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің "ТЖ режимін бұзу» деген 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан басқа, олар ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі қаулысының 31-тармағын бұзды. Бұл тармақ бойынша карантин объектілеріне бөлінген медицина мекемелерінде фото - және бейнетүсірілім жасауға тыйым салынған. Қазіргі уақытта олар ПТР-тестілеу жүргізілетін карантиндік стационарға орналастырылды. Бұдан басқа, БАҚ өкілдерінің ағат әрі заңсыз іс-әрекеттері салдарынан оларды ұстаған полиция қызметкерлері де инфекция жұқтыру қаупіне ұшырады. Олар да карантинге орналастырылды және коронавирустың бар-жоғына анализ тапсырады.


Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

11 сәуір 2020, 20:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.