Атырау, 24 қараша 10:48
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Коронавирустың «кесірі» немесе түнгі рейдтің түрлі көрінісі

Сурет Бейнежазба
5 677 просмотра


6 сәуірден бастап Атырау тұрғындарына сағат 21.00-ден 06.00-ге дейін көшеде жүруге тыйым салынды. Шын мәнісіндегі осы коменданттық сағаттың  сақталу барысын "АЖ" тілшісі полицейлермен бірге кешкі-түнгі рейдке шығып білген еді.


Алдымен "Ақжайық" қонақ үйінің жанындағы айналма жолға тоқтадық.  Екі ер адам көзге түсті. Полиция қызметкері оларды тоқтатып, бұл уақытта қайда бара жатқандарын сұрады.

- Біз "Ақ Жайық" қонақ үйінің қызметкеріміз. Өрттен кейін қонақ үй бос қалды, сондықтан түнгі уақытта ғимаратты күзетеміз.

- Бірақ кешкі тоғыздан кейін көшеде жүруге болмайтынын білесіздер ғой.

- Иә, бірақ біз қонақ үйге барамыз ғой. Бізге "109" колл-орталығындағылар баруға болатынын айтты. 

- Сіздер әкімдік, құқық қорғау органдарының немесе жедел қызмет қызметкерлері емессіздер, сондықтан режимді бұзып отырсыздар. Сіздерді полицияның тірек пунктіне жеткіземіз.

Сол кезде тағы бір жігіт көрінді, ол "Kcell"-дің Атыраудағы кеңсесінің қызметкері екен. Ол анықтамасы бар екенін, басшысы жібергенін айтып, ақталды. Бірақ кешкі сағат тоғыздан кейін ол жарамсыз. Жігітті де тірек пунктіне алып кетті, оған ӘҚБтК-нің 476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша хаттама толтырылады, бұл бап бойынша оған айыппұл салынады немесе қамауға алынады.




КӨЗІМЕ ҚАРАҢЫЗ

Рөлде отырған бір әйелді тоқтатты, ол Ресей азаматы екен. Анасының қан қысымы 190-ға дейін көтеріліп, қазір соған бара жатқанын айтты. Әйелдің ойдан шығармағаны белгілі еді, себебі қатты қобалжып тұрды, полиция түсіністікпен қарап, босатып жіберді.

Тағы бір жас жігіт әпкесінің үйінде болғанын, біраз кешігіп, үйіне енді қайтып келе жатқанын айтты.  Өкінішке орай, сағат он жарым болды, уақытқа қарау керек еді. Жігітті учаскеге алып кетті, ал көлікті айып тұрағына жібереді. Келесі күні сот болады.



БӨЛІМШЕДЕГІ «КОНЦЕРТ»

Сәтпаев даңғылында жаяу патруль ер адам мен әйелді тоқтатты. Олардан ішімдіктің иісі шығып тұрды, әсіресе әйелдің көңілі көтеріңкі, әрі қорғаныс маскасын кимепті. Ішімдік аз болып қалып, тағы бір шөлмекті сатып алуға шыққан екен. Бірақ дүкендердің бұл уақытта жұмыс істемейтінін естерінен шығарған. Сөйтіп, патрульге кез болды. Әйел осы жердің тұрғыны, ал ер адам – Атырауда уақытша тұрып жатқан Түркия азаматы. Екеуін наркодиспансерге алып кетті, кейін тірек пунктіне жеткізіп, әкімшілік хаттама толтырады. Айтпақшы, сәл кейінірек Привокзальныйда полиция қызметкерлері көшеде жүрген тағы бір Түркия азаматын ұстады.

Авангардта жаяу патрульге Өзбекстанның екі азаматы қарсы шықты, екеуі де мас, маска да кимеген. Оларды наркодиспансерге - тірек пунктіне - айықтырғышқа жібереді. Содан кейін сот болады.

36 жастағы Айгүл мас күйде Азаттық даңғылында ұсталды. Тірек пунктіне жеткізілген әйел концерт қойды.

- Жігіттер, мен үйіме бара жаттым ғой, неге ұстадыңдар? – деді ол бүкіл пунктті басына көтере айқайлап. – Коронавирус, кетші, өтінем! Әбден ығыр қылдың ғой! Қайдан шықтың өзі? Сенің кесіріңнен далаға да шыға алмайтын болдық!

Полицейлер оның айтқан шағымын тыңдағанымен, хаттама ресімделді.



ТҮСІНБЕЙТІНДЕР КӨП

Сағат түнгі бір болды, көшеде полициядан басқа жан жоқ.

- Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланып, Атырауда карантин енгізілген сәттен бастап полиция қызметкерлері 269 адамды әкімшілік жауапқа тартты, - дейді қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ.

Тек осы рейд қорытындысы бойынша «сағат 21.00-ден 06.00-ге дейінгі» режим талабын бұзғаны үшін 48 адам, оның ішінде 4 шетел азаматы ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды.

- Бұдан басқа, ТЖ және карантин режимін бұзғаны үшін 40-қа жуық бизнес субъектілері жауапқа тартылды. Оның ішінде, 6 кафе, 10 азық-түлік емес дүкен, 9 асхана, 3 букмекер кеңсесі, 2 компьютер клубы, 1 фотостудия, 1 шаштараз, 1 сауна бар, - деп хабарлады Е. Биғамбаев.



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

11 сәуір 2020, 17:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.