Әлеуметтік желіде және WhatsApp-та ыңғайсыз бейнежазба тарады: Атырауда бір ер адам 102-ге телефон шалып, өз үйінде дәретхана болмағандықтан көршінің дәретханасына баруға тура келді (жағдайды түсіну үшін онымен сөйлесіп отырған оператор қызбен әңгімесінде құлаққа жағымсыз сөздер көп қолданылады), енді сыртта оны ТЖ режимін бұзды деп ұстап алу үшін полиция қызметкерлері күтіп тұр дейді. «Енді тыш.. да болмай ма?». Көп ұзамай оны полиция қызметкерлері тауып алып, соттан бір шығарды.
Ол қазір уақытша Жұлдыз ықшамауданында тұрып жатқан Құрманғазы ауданы Ақкөл селосының жұмыссыз жүрген 34 жастағы тұрғыны екені анықталды. Сотта ол өз кінәсін мойындады. Прокурор оны ҚР ӘҚБтК-нің 478 бабы (Төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзуға әкеп соққан әрекет) бойынша жауапқа тартып, 30 тәулікке қамауға алуды өтінді. Ал сот 15 тәулік деп кесті.
Фархат ӘБІЛОВ