Атырау, 22 қараша 10:26
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Қазақстан мұнай өндірісін қысқартуға дайын

3 931 просмотра


ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер министрлерінің келіссөздері  11 сағат созылғанымен, тараптар келісімге келе алмады. Келіссөздер бейнеконференция түрінде өтті. Қазақстан мұнайды өндіру көлемін қысқарту бойынша коллективті ортақ шешім қабылданады деп үміттенеді, бұл шара өз кезегінде мұнай индустриясына оң әсерін тигізеді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Вебинарда энергетика министрі Нұрлан НОҒАЕВ та сөз сөйледі. Ол Қазақстан сындарлы диалогтың жақтаушысы болғанын және болып қала беретінін атап өтті. 

- ОПЕК+ форматындағы мұнай өндіруші елдер арасындағы диалогты қайта бастау маңызды оқиға және бүгінгі отырыс әлемдік мұнай индустриясы тарихында өз орнын алады деп есептеймін, – деді Ноғаев. – Ғаламдық экономикалық өсімнің баяулауы жағдайында мұнайға деген сұраныстың төмендеуі бағаның одан әрі төмендеуіне, сонымен бірге әлемдік мұнай өндірісінің төмендеуіне жағдай жасайды. Негізгі мұнай өндіруші елдер арасында үйлесімді іс-қимылдың болмауы онсыз да күрделі жағдайды қиындата түседі. 

Ол Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы бола отырып, әрқашан өз міндеттемелерін орындағанын атап өтті.

Біз алдағы келіссөздердің қорытындысы бойынша оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Бұл ретте, әлемдік мұнай нарығындағы байқалған теңгерімсіздік тек ОПЕК+ елдерінің күш-жігері жеткіліксіз болатынын және жағдай нарықтың барлық қатысушыларының белсенді қатысуын талап ететінін көрсетіп отыр, – деді Нұрлан Ноғаев. – Біз өз кезегімізде бүгінгі күн тәртібінің өзектілігін түсінеміз және мұнай өндіруді жалпы қысқартуға қатысуға дайынбыз. 

Естеріңізге салсақ, келіссөздер бүгін, 10 сәуірде жалғасады. Өндірісті қысқартудан бас тартқан Мексиканың ұстанымы  салдарынан ақырғы келісімге келмеді. Бүгінгі таңда Ресей мен Сауд Арабиясы өндірісті әрқайсысын 2,5 миллион баррельге, Ирак - 1,06 миллион баррельге, БАӘ - 0,72 миллион баррельге қысқартуға келісіп отыр.

Бұдан бұрын Қазақстан үкіметі 2020 жылға арналған нақтыланған бюджетте мұнай өндіру болжамын 4 миллион тоннаға - 86 миллионға дейін азайтқаны туралы хабарланған болатын. Бұдан бұрын мұнай өндіру жоспары 90 миллион тонна болған.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

10 сәуір 2020, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.