ТЖ-ға байланысты полиция қызметкерлері бұрынғыдан да зор өкілеттікке ие болды. Осы ретте азаматтарға бақылауды күшейту мен заңсыздықтың аражігін ажырата білген маңызды. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері» туралы да ұмытпаған жөн. Полиция қызметкерінің заңсыз әрекеттеріне 25-10-38 немесе (8775) 983-93-05 сенім телефондарына, сондай-ақ Whatsapp нөмірі (8775) 262-59-32 арқылы шағым жасауға болады. Егер полиция қызметкері сізден пара талап етсе, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Call-орталығына - 1424 нөміріне қоңырау шалыңыз.
- Полиция Департаментінде сенім телефоны көп жылдан бері қызмет етіп келеді, ал қазіргі жағдайда тіптен қажет, - дейді Атырау облысы полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының бастығы Дулат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ. – Жеке құрам арасында, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау үшін алдын алу жұмыстарын біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен өзара тығыз байланыста жүргіземіз. Бізде карантин кезеңіне арнайы жоспар әзірленді. Төрт бөгет-бекетте, жаяу патрульдеуде және басқа да нысандарда жұмылдырылған жеке құрамды бақылау күшейтілді.
Бұдан басқа, Полиция департаменті құқық қорғау органы қызметкерлері туралы сыни жарияланымдарға қатысты әлеуметтік желі мен БАҚ-тарға мониторинг жүргізеді. Осындай әрбір жарияланым бойынша қызметтік тексеру өтеді.
Полиция қызметкері өкілеттілігін асыра пайдаланғанын дәлелдеу немесе пара беруді тұспалдағанын бейнетүсірілімге жазып алуға болады - заңмен бұған тыйым салынбаған. Алайда "Егер бұл іс-әрекеттер полиция қызметкерінің қызметтік міндеттін орындауына кедергі келтірсе, сондай-ақ жеке, заңды тұлғалардың заңды мүддесін, субъектінің құқы мен бостандығын бұзса, онда ол түсірілімнің тоқтатылуын талап етуге құқылы» деген ескертпе бар.
Фархат ӘБІЛОВ