9 сәуір күні Атырауда алғашқы рет 21 жастағы тұрғын күндіз дәлелді себепсіз қалаға шыққаны үшін 5 тәулікке қамалды.
8 сәуірде күндіз 21 жастағы Балықшы ықшамауданындағы «Толқын» дәмханасының маңында жүрген. Полиция тоқтатып, оның тұрғылықты жері «Восток» маңы екенін анықтаған.
Бейнебайланыс арқылы өткен сот отырысына қатысқан тәртіп бұзушы өзінің танысына Жайықтан су тасуға көмектесіп, үйіне келе жатқанын мәлімдеді. Бірақ сот оны дәлелді себеп ретінде есепке алмады. Прокурор Асқар САДЫҚОВ оны ҚР ӘҚБтК-нің 476 бабының 6 тармағымен (Төтенше жағдай кезеңінде карантин режимін бұзу) кінәлі деп тауып, 7 тәулікке қамауға алуды өтінді.
Кеңес бөлмесінен шыққаннан кейін судья Самал ӘБУҒАЛИЕВА 5 тәулікке әкімшілік қамауға алуға деп шешкенін жеткізді.
Фархат ӘБІЛОВ
Сурет «АЖ» мұрағатынан