27 наурызда «Стамбул-Атырау» рейсімен ұшып келген жолаушылардың карантин уақытын ұзартып, оларды ескертпестен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университінің жатақханасынан Береке ықшамауданындағы көп қабатты үйлерге көшірді. Олар салқын үйде карантин қашанға дейін созылатынын білмей отыр. «АЖ» бұл жағдайды анықтап көрді.
- 18-жастағы қызым Стамбулда оқитын еді, коронавирусқа байланысты елге оралып, нақтырақ айтсақ Атырауға жетіп, студенттік жатақханаға 14 күндік карантинге жатқызылды. Одан вирус анықталған жоқ. Ертең олардың уақыттары бітеді. Ережеге сай қызымды үй карантиніне ауыстыру керек болатын. Бірақ бүгін оларға карантин уақыты ұзарғанын айтып, Берекеге алып кеткен. Себебін түсіндірмеген. Не болып жатыр? - дейді Орал қаласының тұрғыны Алмагүл. Ол қызына психологиялық қолдау көрсетіп, 14 күн карантин біткесін алып кету үшін Атырау жабылмас бұрын қалаға кіріп алған. Қазір уақытша достарының үйінде тұратын ол, үйге кетуге рұқсат етілгенше тұратын пәтерді де қарастырып қойған.
- Қызымның көптеген шағымдары болды. Мысалы, бөлмелері салқын, дәмсіз тағам, тіпті кір жуатын жер жоқ. Бірақ екі аптадан кейін мұның бәрі аяқталып, кездесуге мүмкіндік болады деген үміт болған еді, - дейді Алмагүл. – Енді не болды?
«АЖ» тілшісі осы сұрақпен Атырау облысы әкімідігіне хабарласқан болатын.
- Белгілі болғандай, бүгін Атырауда коронавирус жұқтырған тағы 3 жағдай орын алды. Соның біреуі АМУ-дің жатақханасында карантинде болған. Сондықтан ондағы карантинде жатқандарды Берекедегі жатақханаға дереу көшіру туралы шешім қабылдадық. Ол жерде әрқайсысы бөлек-бөлек тұратын болады, - деп жауап берді төтенше жағдайды қамтамасыз ету штабында.
-Олар тоңып қалдық деп шағымданды. Берекедегі көппәтерлі үйде неге сонша салқын?
-Себебі үй жаңадан салынған, ол жерде бұрын ешкім тұрмаған. Бәрі аяқ астынан болды, қазір жылу мәселесін қарастырып жатырмыз, бүгін-ертең ол жер жылынады.
Осыдан бұрын Атырау әкімінің орынбасары Ринат ЖАНГЛИШОВ хабарлағандай, Берекедегі екі көпқабатты үй карантиндік стационарға беріледі деген. Ондағы 480 пәтерде инфекция жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған адамдар тұратын болады. Шенеуніктер үйлер толық дайын деп сендірген еді.
Қазір тоғыз қабатты екі үйді полиция қызметкерлері толық бақылауға алды. Пәтерлер тәулігіне үш рет залалсыздандырылатын болады.
Фархат ӘБІЛОВ