Атырауда мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен шағын бизнестің бірнеше өкіліне тұтынушыларға тауарларды қорғаныссыз (маска мен қолғапсыз) сатқаны үшін немесе тамақ өнімдерін полиэтиленге орамай сатқаны үшін немесе мүлдем жұмыс істемеуі тиіс болғандықтан айыппұл салынды.
1 сәуірде дүкендердің біріндегі ашық сөрелерде нан-бөлке өнімдері оралмаған күйі қойылған. Сотта дүкен өкілі заң бұзушылықты мойындап, енді қайталанбайды деп уәде берді.
3 сәуірде тексерушілер құрылыс дүкенінің жұмыс істеп жатқанын анықтады, ал олар карантин кезеңінде жабық болуы керек.
4 сәуірде азық-түлік дүкенінің сатушысы қолғапсыз жұмыс істеген. Сот отырысында ол кінәсін мойындап, қолғабының жыртылғанын айтты. 6 сәуірде басқа дүкеннің сатушысы да осындай заң талаптарын бұзған.
Сот қаулысымен олардың бәріне 26 510 теңге айыппұл салынды.
Фархат ӘБІЛОВ