Атырау облысының тұрғындары «109» жедел желісіне қанша қоңырау шалса да, ешкім жауап бермейтініне шағымданды. Олардың айтуынша телефон тұтқасын ешкім көтермейді немесе қоңырау бармайды. Осындай шағым көбейген соң, облыстық әкімдік жанынан құрылған Төтенше жағдай режимін сақтау шұғыл штабы операторлар қатарын көбейтті. Штабтың айтуынша, енді мұндай келеңсіздік орын алмайды.
- «109» жедел желісі 18 наурызда іске қосылды. Сол уақыттан бері диспетчерлік орталық тұрғындардың 10 мың шағымын қабылдап, тиісті жерге хабарлады, - деді облыстық әкімдіктегілер. Сұрақтың басым көпшілігі несиені төлеу уқытының шегерілуі, әлеуметтік жәрдемақы төлеу, аз қамтылған отбасы мен қарттарға азық-түлік жеткізу мәселесі төңірегінде болды. Сонымен қатар көпшілігі коронавирустың алғашқы белгілері қандай екенін және қазір көшеде жүруге нақты қандай шектеу қойылғаны туралы айтып беруді өтінген.
Қазір «109» жедел желісінің диспетчерлік орталығында тәулік бойы екі ауысымда 6 оператор қызмет көрсетеді.
Фархат ӘБІЛОВ